Спорттық роботты техниканы ұйымдастыру жолдары

640

0

Бүгінде елімізде ІТ, робототехника, бағдарламалау, модельдеу, 3D-жобалау секілді технологияларға қызығушылық танытатын жастардың қатары өсіп келеді. Олар заман ағымына қарай қамданып, осы технологияларды игеруге күш салуда. Болашақтың балаларын дамыту үшін түрлі бастамалар қолға алынып, білім беру ұйымдарында қажетті үйірмелер мен секциялар ашылуда.

Бүгін Өрлеудің Қызылорда филиалы мен Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Спорттық роботты техниканы ұйымдастыру жолдары» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.

Әртүрлі деңгейдегі сайыстарға қатысуға қажетті біліктілік пен дағдыларын дамыта отырып, зерттеу қызметтері мен практикалық форматтарда робототехникалық білім берудің маңыздылығы мен өзектілігін көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға қала мектептері мен облыс аудандарынан 50-ге жуық мұғалім қатысты.

Семинар-тренинг барысында Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Раушанбек Сариев, ITiMAQORDA балалар технопаркінің қосымша білім беру педагогтері Оралбек Абдуллаев, Бейбарыс Раушанбек, Астана қаласындағы Ұлттық бизнес және инжениринг мектебі STEM департаментінің директоры, NatRoboCom ұлттық робототехника жарыстарының авторы Марс Мақсот өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар, қатысушыларға робототехника бойынша қалалық, республикалық, халықаралық спорт жарыстарының түрлері, олардың ұйымдастырылуы, әлем чемпионаттары мен олимпиадаларының ұқсас ережелері бойынша өткізілетіндігі, «Robo Aq suiek», «ASYQ ATU» санаттары бойынша лабиринт, сызық бойымен жарыс және т.б. роботтар жарысының ережелеріне сәйкес кездесетін қателіктер туралы мазмұнды ақпарат берілді.

Мұғалімдердің ақпараттық сауаттылығын дамытуға, шығармашылық идеяларды іске асыруға және өзіндік білімін көтеруге мүмкіндік беретін мазмұнды шаралар келешек жалғасын табатын болады.

Маржан Смағұлова,

«Өрлеу» Қызылорда облысы

бойынша филиалының тренері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<