Стартап жобалар қолдау тапты

970

0

 «Кәсіп бастау үшін қомақты қаржы керек» деп тартынамыз. Шын мәнінде олай емес. Қазір идеяңды игілікке айналдыруға, әсіресе жастардың бизнес-жоспар жасап, оны жетілдіруіне мемлекет көмекке келеді. Тек алға ұмтылыс, санаға сілкініс керек.

«Kyzylorda Business Hub» облыстық стартап жобалар байқауынан осыны аңғаруға болады. Жастарды ерекше ынталандыратын байқаудың серіктестері – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті.

Айта кету керек, бұл стартап-конкурс сәуір айында басталған. Қатысушылар бірнеше ай бойы тиімді тренингтерде шыңдалды. Арнайы мамандар оларға кәсіпкерлік негіздері, бизнес-идеяны жетілдіру, Canvas моделі және питчингке қатысты дәрістер өтті. Жобалар іріктеу кезеңінде қорғалды. Ұсынылған 157 жобаның 91-і таңдалды. Нәтижесінде іріктеуден өткен қатысушылар маркетинг, дизайнерлік, SMM негіздерін оқып, бизнес-жоспарды өздері құрды. Олар сонымен қатар аймақтағы кәсіпкерлік нысандарына ұйымдастырылған экскурсияларға, қызылордалық кәсіпкерлермен және тәлім­герлермен өткен кездесулерге де  қатысты.

Соңғы кезеңге 17 жоба өткен, оның төртеуі финалға дейін қаражатқа қол жеткізді. Әлеуетті инвесторларға 13 стартап-жоба ұсынылып, екі жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Аралдық Ибрагим Абдолла контейнерлік дүкендер мен үйлерді құру бойынша стартаптың жеңімпазы атанды. Екінші орында –  Байқоңыр қаласынан келген Ақнұр Жұманованың жасөспірімдерге «Kids City» жол ережелерін үйрету жобасы. ІІІ орын Шиелі өңірінен келген Айгүл Иманбековаға бұйырды, ол аксессуарлар дүкенін және тігін курстарын ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, байқауда «QadamEdu» білім беру платформасын құру, бизнес­ке қосымшалар, «Арал-Балық» балық өнімдерін өндіру және ауылшаруашылық жерлерін суармалы сумен қамтамасыз ету жобалары көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ерекше көзге түсті. Шара креативті жастардың және олардың бастамаларына қолдаудың жеткілікті екенін көрсетті.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<