Статистика саласындағы цифрландыру

551

0

Еліміздің стратегиялық міндетінің бірі цифрландыру тәсілін енгізу аясында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының  облыс бойынша департаменті  респонденттер тарапынан  алғашқы статистикалық деректердің толығымен онлайн режимде  тапсырылуын басты назарға алған.

«Мемлекеттік статистика туралы» Заң талабына сәйкес респонденттер (жеке, заңды тұлғалар және олардың құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері) статистикалық байқаулар жүргізу кезінде респонденттердің бастапқы деректерді ұсыну кестесіне және әдіснамаға сәйкес уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсынуға міндетті.

Алдағы жылға арналған респонденттердің жалпы мемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар шеңберінде алғашқы статистикалық деректерді ұсыну кестесіне сәйкес 2024 жылы 116 статистикалық нысан бойынша байқаулар өткізу белгіленген. «Е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесінде облыс бойынша жыл басынан бері 139177 статистикалық есептілік тапсырылып, оның 128213 немесе 92%-ы онлайн режимде қабылданды. Онлайн режимде тапсыратын респонденттер саны көбеюде. Олардың статистикалық деректерін 100 пайыз электронды түрде ұсынуына қол жеткізу – департаменттің басым бағытының бірі.

Респонденттерге есептілікті электронды түрде «Респондент кабинеті» https://cabinet.stat.gov.kz арқылы тапсыру мүмкіндігі берілді. Ол үшін электрондық цифрлық қол таңбаны (ЭЦҚ) Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚКО) алу қажет.

Статистикалық нысандарға, соның ішінде электронды түрде тапсыруға қатысты туындаған сұрақтар бойынша «1446» бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға (9.00-18.30) болады. Статистикалық есептілік нысандарын жетілдіру бойынша ұсыныстарды Телеграмм бот https://t.me/statgovkz_bot арқылы «Өтінім жасау» бөліміне жолдайды.

Респонденттер ұсынатын мәліметтер сапасын көтеру мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес департамент 73 семинар ұйымдастырды. Соның ішінде қараша айында Қызылорда облысының қала, аудан әкімдіктерінде «Статистикалық көрсеткіштерінің қалыптастырылуы және мемлекеттік статистика туралы заңнама талаптары» тақырыбында жергілікті атқарушы органдар семинар-кеңестер өткізді.

Одан басқа, заң талабына сәйкес респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді кестеде көрсетілген мерзімде ұсынбағаны, сондай-ақ анық емес алғашқы статистикалық деректерді ұсынғаны үшін мемлекеттік бақылау жүргізу белгіленген. Тәртіп  бұзу фактілері үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 497-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту көзделген.

Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаменті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<