ҰСТАЗЫҢДЫ АТАҢНАН ДА ӘЗІЗ ТҰТ

667

0

Қазанның алғашқы жексенбісіндегі Ұстаздар мерекесі биыл ерекше аталып өтілуде. Жас ұрпақтың шамшырағын жаққан жандарды ұлықтау бір күнмен толастамақ емес. Шәкірттерінің алғысына бөленіп, құшағы гүлге толған ұстаздар мереке қарсаңындағы ең басты жаңалық – Елбасы Жолдауында айтылған  «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданатыны үшін болды.
Облыс әкімдігінде үздік, жа­ңашыл ұстаздар бас қосқан кездесу өтіп, онда облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов аймақ басшысының атынан барша мұғалімдерді мерекемен құттық­тады. Мемлекеттің өркениетке бастаған керуен-көшін ғасырдан ғасырға жалғастыру үшін ұрпақ тәрбиесінің маңызы зор. Елдің ертеңі – бүгінгі оқушыларға әріп танытып, адам бойында болатын барлық қасиеттерінің кілтін тапқан ұстаздар қауымы қандай құрметке де лайық.
Педагогтардың қоғамдық мәр­тебесін және беделін арт­тыру, іс-тәжірибесін тарату мақ­сатында жыл сайын респуб­ликалық «Үздік педа­гог» конкурсы өтеді. Кездесуге биылғы конкурс қорытындысымен же­ңімпаз атанған облыстың 3 педагогы – И.Әбдікәрімов атын­дағы аграрлық-техникалық жо­ғары колледжінің арнаулы пән оқытушысы М.Әйтенова, Е.Әуелбеков атындағы №4 да­рынды балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі Ә.Жақсылықова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Д.Мұнарбаева қатысты.
Биыл алғаш рет мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа жүйесі енгізілді. Салтанатты шарада «Педагог-шебер» біліктілік санаты бойынша тестілеуден өтіп, жоғары нәтиже көрсеткен Арал аудандық №14 мектеп-лицейдің мұғалімі Ж.Кунарова мен Жа­ңақорған аудандық №163 орта мектептің мұғалімі Л.Жұ­ма­бе­коваға  куәлік табысталды. Ұс­таз­дар өз ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа бастамалардың, оқы­тудың инновациялық тәсіл­де­рінің артықшылықтары туралы айтты.
Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қоры­тындылады. Ағылшын оқымыс­тысының «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім көрсетеді, керемет мұғалім түсіндіреді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады» деген сөзін мысалға келтіріп, кездесуге келген мұғалімдерді мерекемен және марапаттарымен құттықтады.

«СБ» ақпарат».  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<