Қазіргі заманауи білім беруде оқушылардың біліміне қойылатын талап та, білім беру тәсілі де өзгерді.
Мектептерде оқушылардың ізденуге, жаңалық ашуға, жоба жасауға деген құлшынысын арттыратын тәжірибеге бағытталған шешімдер пайда бола бастады.
Мұғалімдер заманауи өмірден алынған нақты мәселелерді шешу үшін бес ғылымды біріктіретін пәнаралық байланыс негізіндегі STEAM білім беру тәжірибесіне көп ден қоя бастады.
Қазірде STEАM-білім беру заманауи білім беру трендтерінің бірі болып отыр.
STEAM арқылы балалар әр түрлі ғылымдар бойынша білім алып қана қоймай, алған білімдерін тәжірибеде қолдану мүмкіндігін де алады.
STEAM-тәсілдің арқасында оқушылар бірден бірнеше пәндер, яғни информатика, физика, технология, инженерия және математика бойынша дамып қана қоймай, күнділікті меңгеріп жүргендерінің теориялық қана емес, қолданбалы сипаты да бар екенін түсінеді.
Мысалы; мектептегі оқушылардың қызығушылығын арттырып отырған робототехника оқушылардың STEАM-құзыреттілігі мен ғылыми-зерттеушілік, инженерлі-техникалық, математикалық және жобалық дағдыларын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар ол оқушылардың коммуникативті қабілеттерін, өзара әрекеттесу дағдыларын дамытады, шешім қабылдауда тәуелсіздігін, шығармашылық қабілеттерін, яғни жалпы айтқанда ХХІ ғасыр технологиясының оқушыларын көрсетеді.
STEAM бағдарламасы бойынша білім алушылар физика, математика, технологиядан бөлек өздерінің роботтарын құрастыра және бағдарламалай отырып, роботты техниканы, бағдарламалауды меңгереді.
Сабақтарында арнайы технологиялық зертханалық және оқыту құрылғылары қолданылады. Мысалы: 3D-принтерлер, визуалдау құралдары және т.б. Жалпы EV3 –ті меңгеру сабақтарда білім деңгейін арттырады.
Мұғалім EV3 бағдарламалық қамсыздандаруын тыңғылықты меңгеруі қажет емес, ол EV3-ті өзінің пәні бойынша тақырыптарын меңгерту үшін құрал ретінде қолдануы керек. STEАM- бұл сабаққа қарағанда үлкенірек. STEАM-оқыту оқушыларды ақпараттық қоғамда өмірге дайындауға бағытталған.
Оның оқытудағы артықшылықтары:
– Пән бойынша емес, тақырыптар бойынша кіріктіре оқыту;
– Ғылыми-техникалық білімді нақты өмірде қолдану;
– Сын тұрғысынан ойлау және мәселелерді шеше білу дағдыларын дамыту;
– Өз күшіне сенімін арттыру;
– Белсенді коммуникация және топтық жұмыс;
– Техникалық пәндерге деген қызығушылықты арттыру;
– Жобаларға креативті және инновациялық қадам.
Міне осындай оқушылардың білімдері қолданбалы сипатқа ие болатын бағыттағы үйірмелер мен сыныптан тыс сабақтар олардың күнделікті сабақтан алып жұрген теориялық білімдерін сақтап, дамытуы үшін өте жақсы көмектеседі.
Сонымен қатар заманауи мұғалімдер де оқушылардың мектеп қабырғасында алған білімдері оларға өмірде өзгермелі әлемге бейімделе алуына көмектесетініне сенімді болуы керек.
Өйткені ертеңгі күні олардың болашақ мамандықтары бойынша жұмыс орындары шығармашылық пен инновацияны талап етеді.
Бүгінде ІТ-мамандар, программистер, инженерлер, жоғары технологиялы өндіріс мамандары көбірек сұранысқа ие болып отыр.
Қазіргі күні IT мамандар көп қалаларда тапшы. Бұл мамандық бұған дейін де сұранысқа ие болған. Көптеген ірі, ұсақ компаниялар, кәсіпорындар мен мекемелер автоматтандырылған жүйеге көшіп отырғандықтан IT мамандарға деген қажеттілік артып отыр.
Сондықтан да біздің болашақтың мамандарына жаратылыстану ғылымдарының, инженерия, технология және математиканың әр түрлі білім беру салаларынан жан-жақты дайындық және білім қажет.
Ал білім алушылардың осындай жан-жақты қажеттіліктері қосымша білім берудің әлеуметтік-педагогикалық, көркем-эстетикалық, музыкалық, ғылыми-техникалық, туристік-өлкетану, экологиялық-биологиялық, әскери патриоттық, спорттық-сауықтыру, жобалық-зерттеу және басқа да бағыттары бойынша қамтамасыз етіледі. Қазіргі мектептерде білім алушыларға арнап факультативтер, дайындық курстары, пәндік олимпиадалар, танымдық, байқау-көңіл көтеру бағдарламалары, экскурсиялар, мәдениет ұйымдары мен мектептен тыс жұмыс орталықтарына бару, тақырыптық би кештері, спорттық жарыстар, бейін бойынша іс-шаралар, қызығушылықтары бойынша мектеп студияларының, клубтарының жұмысы, спорттық секциялар, үйірмелер өткізіледі.
Бұл іс-шаралар сабақтан бос уақытта оқушының білімін тереңдетіп, біліктілігін арттыруға және сонымен қатар бос уақыттарын саналы жән белсенді өткізу мақсатында жүргізіле отырып, өздігінен іс-әрекетке машықтандырады.
Осындай үйірмелер мен сабақтан тыс іс-шараларға мысал келтірсем, – журналистікке баулу оқушылардың жас репортер немесе редактор ретінде жазбаша және ауызша жанрда өз білімдерін сынап көруіне мүмкіндік болады. – психология, бұл балалардың өздерін дұрыс түсінуге, қоршаған ортамен араласуды, өз қабілеттерін дамытуды және кемшіліктерін жеңуді үйретеді;
– тарихи-археологиялық бағыттағы үйірме теорияны мұражайларға барумен, жорықтарда жергілікті жерлерді зерттеумен үйлестіреді;
– техникалық шығармашылық үйірме пайдаланушының компьютерді, компьютерлік техниканы, ІТ-технологияларды, робототехниканы қолданудың бүгінгі таңдағы қажетті дағдыларын меңгеруге бағытталады;
– шахматтық үйірмелер қисынды ойлауды, ден қоюды, өз бетінше әрекет етуді және т.б.қабілеттерін дамытады.
Осылайша, жалпы білім беретін мектептерде балаларға қосымша білім беру ресурстарын қолдану біртұтас білім беру кеңістігі аясында әлемді тұтастай қабылдауына, тұлғаның жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктерін дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы биік танымдық қабілет, тұрмыс-тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс баланың ерте жасынан туындайды екен. Сондықтан оқушыны ізденушілікке баулу бастауыш сыныптан басталуы тиіс. Өйткені бастауыш сынып оқушысының түрлі сөздіктер мен қызықты әдебиеттерді іздеп табуға, оқып, танысуға деген құштарлығын барлығы біледі.
Ендеше, мектепте оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуларына көмектесуіміз қажет.
Осы мақсатта қолдануға болатын жұмыс түрлерінің бірі- SPIKE Prime.
SPIKE Prime – LEGO Education ұсынған жаңа білім беру шешімі. Барлық дағдылар деңгейіндегі оқушыларға арналған, ол 5-7-сыныптардағы барлық оқушыларға сандық STEAM оқуына сенімді түрде қатысуға мүмкіндік беретін оқуға инклюзивті, интуитивті және табиғи түрде бейімделетін шығармашылық тәсілді ұсынады.
Бұл конструктор физика, технология, инженерия, информатика, математика сияқты пәндерді оқу үшін, сонымен қатар шығармашылық ойлауды дамыту және аудиториялық және сыныптан тыс жобалық жұмыстарды жүргізу үшін пайдаланылуы мүмкін. SPIKE Prime жиынтығына LEGO кірпіштері, бағдарламаланатын көп портты хаб, сенсорлар мен қозғалтқыштар және Scratch бағдарламалау тілін пайдаланатын SPIKE қолданбасы кіреді.
Әрбір SPIKE Prime шешімі әртүрлі үлгілерге арналған 523 құрылыс блоктарынан тұрады, соның ішінде оқытушылар тәрбиешілер үшін жасаған STEAM оқу материалдары да бар.
Құрамында қазір SPIKE Prime бар LEGO Education студенттерді сыни тұрғыдан ойлауға, мәселелерді шешуге және бір-бірімен тиімді жұмыс істеуге итермелейтін сыныптағы немесе сабақтан тыс іс-шаралардағы тәжірибелік жобаларға баулу үшін арнайы жасалған.
SPIKE Prime халықаралық әзірлеушілер мен оқытушылар командасы әзірлеген білім беру шешімдеріндегі LEGO Education 40 жылдық тәжірибесінің нәтижесі. Жаңа шешім олардың сабақтарына практикалық оқытуды көбірек енгізуге және оқушыларды STEAM пәндері туралы білім алуға көбірек тартуға көмектеседі.
Таяу болашақта инженерлерге, жоғары технологиялық салалардағы мамандарға сұраныс күрт өсетіндіктен және кәсіптердің көпшілігі машиналық оқыту және жасанды интеллект, био- және нанотехнологиялар сияқты жаңа технологиялармен байланысты болғандықтан, мұндай мамандарды даярлау тәсілі да өзгереді.
Жан-жақты дайындалған технологияның, техниканың, жаратылыстанудың әртүрлі салаларында білімі мен дағдысы бар мамандарға сұраныс болады.
Ал дәл қазір мектеп балалардың тек осындай білімді игеріп қана қоймай, ғылыми әдістерді тәжірибеде қолдана алатын білім беру ортасына айналуы керек.
Оқушымен жүргізілген кез келген жұмыстың түрі шығармашылықты және жауапкершілік пен тыңғылықты талап етеді. Кез келген мұғалім сыныптық және сыныптан тыс жұмыс ұйымдастыруда жұмыс жасаудың алуан түрін пайдаланып, көп оқушыларды шығармашылықпен жұмыс жасауға жұмылдыра алады. Және оқушыны еш мәжбүрлеусіз, өз бетімен тапсырманы орындайтындай мұғалім мен оқушының арасында қарым-қатынасты құра алғаны абзал.
Дегенмен кейбір оқушылар өз бетінше шығармашылықпен жұмыс жасауға дайындалмаған және осы тұста мұғалімнің ролі қиындай түседі. Ол бір жағынан бақылайды, екінші жағынан әр түрлі топтарға оқушының қажеттілігіне қарай бағыттай отырып, диалог арқылы, қосымша ресурстар және т.б арқылы қолдау көрсетеді.
Мысалы информатика сабағында белгілі бір есепке бағдарлама құру сабақтың мақсаты болса, сол мақсатқа жету үшін мұғалім бағдарламаны құру жолын көрсетудің орнына керісінше оқушының сол бағдарламаны өз бетінше дұрыс әрі жылдам құра алуына қол жеткізуі керек.
Ең бастысы оқушы өзі орындаған жұмыстың пайдасын білуі тиіс. Оқушы тапсырманы орындай отырып, өз бойында жаңа білім, білік жинайды, информатиканы меңгерудегі табандылық пен қайсарлылықты дамытады.
Мұғалім оның әрбір қадамына жауап көрсетудің орнына, жауапкершілікті сездіртуі тиіс. Оқушының жіберген қателігі мұғалімге білім, білік, дағды бойынша жаңа ақпарат береді. Демек мұғалім келесі сабаққа саралау жүргізуіне, кеткен олқылықты дер кезінде жөндеуге әрекет жасауына мүмкіндігі болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №988 қаулысы.
2. Г. Ногайбаева. Развитие STEM-образования в мире и Казахстане.
3. Курс «Современные образовательные технологии и SMART» – ваш гид по новым возможностям использования ИКТ на уроке. URL:http://edguru.ru/blog/edutrends/
4. Тен А. С. Новые тренды в современном образовании. Электронный ресурс: URL: http://zkoipk.kz/ru/2016smart3/2541-conf.html
Айсара Қалымбетова, бастауыш сынып мұғалімі.
Ақтолқын Нәлібаева, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<