Асыл бейнең жүрегімде сақтаулы

369

0

Фото: автордан

Зымыраған уақыт, зуылдаған күйі бір сәтке де дамылдамайсың-ау! Апа, апатайым! Асыл бәйтерегім! Бүкіл ғұмырын балаға білім, ой, ақыл беруге арнаған ұлағатты ұстаз, менің апам Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Тазагүл Сейтжанқызының арамыздан ұзағанына 8 жыл өтіпті де кетіпті.

2016 жылдың 28 қыркүйегі… 11 қыркүйектен бері облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде тек көз жанарымен ғана тілдесіп жатқан аппақ апатайымның қасынан кешкі сегіздер шамасында үйге қайттым. Орныма апам Жаңыл мен сіңілім Бақыт барған болатын. Үйге келсем де, ішкі жан дүнием алай-дүлей. Санамда «асқар тау да мүжіліп, бәйтерек те құлайды екен-ау» деген ой ызыңдап маза бермейді. Шынымен, сұлу, аппақ бәйтерек бар сұлулығымен қозғалыссыз, маңдайы жарқыраған күйі сұлық жатыр…

Өмір бойы өзінің сөз саптау өнерімен айналасын таң қалдырып, «нағыз шешен, сөз зергері ғой» деп таңдай қақтыратын жан апам тілсіз қалады дегенге сену қиын. Ауырғанынан 3 күннен кейін «Ай-на-ла-йын» деп тіл қатқанда жүрек жарылардай, ертең тұрып, баяғыша сөйлеп кететіндей қуанып едік. Бір әке-шешеден туған барлық бауырлар, Айнұр, Асқар – бәріміз құрақ ұшып қасынан шықпаймыз. Әсіресе, аурудың барлық динамикасын түсінетін Болғанай ерекше мазасыздануда…

Қалжырап ұйықтап кеттім. Таңертең ертерек тұрып, апаның ішетін сорпасын дайындап жатқанымда: «Тез ауруханаға жет», – деген Жаңылдың даусы үрейлі шықты. «О, жасаған Аллам-ау жар бола гөр», – деген сөзді неше рет қайталағанымды білмеймін. Ұшып таксиге отырдым. Жолай жұмысқа кеткен Асқарға телефон шалып, апаның қысылып жатқанын ескерттім. Екі аяғым жансызданып бара жатқандай. Жаңыл: «Болсай тезірек», – деп қайта қоңырау шалғанда, бүгіліп кете берген тіземе ие бола алмай, басқышпен 5-қабатқа өрмелеп келе жатқанмын. Міне, күнде таңертеңнен кешке дейін, ауруын қайтсем жеңілдетем деп бәйек қағатын апам жататын палатаға да жеттім-ау, әйтеуір. Бетінен нұры төгіліп тұратын аппақ сұлу жүз күлгінденіп кеткен екен. Дәрігерлер уақытының жақын қалғанын айтты. Кең дүнием тарылып сала берді. «Мүмкін емес қой», – деп шыр ете қалдым, себебі бұған дейін дәрігерлер зерттеу нәтижелері жақсы, тек қалпына келу үшін ұзақ уақыт керек деген еді. Аяқ-қолым өзімдікі емес сияқты, қалшылдап барады, жағым қарысып қалғандай, сөйлеуге дәрмен жоқ.

– Жаным, жаным, өзіңді қолыңа алшы, – деді көз жасы мөлтілдеп тұрған Бағдагүл тәтем. Көз алдымызда тек биік бәйтерек болып қалыптасқан, барлық ісіміздің әділ таразысы болып санамызға сіңген апатайым мына жалған әлемге өз тілімен «Қош, жарық дүнием!» деп айта алмаған күйі мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Мен аппақ апатайымның әлі де болса жып-жылы болып жатқан маңдайынан, бетінен сүйіп ризаластым. Қош, асыл бәйтерегім!

Апасыз жан дүнием бос қалғандай. Неге бос қалмасын?!… Бала күнімізде ерте айырылған әке-шешеміздің орнын басқан, ардақты әкеміздей болған Тәкей аға өмірден озғаннан бергі арқа сүйер асқар тауымыз еді ғой. Арқа тұсым мұз қарығандай үңірейіп қалды. Орны қалай толсын, толмайды да. Армансыз адам жоқ, үміт алға жетелейді, тәуекел белді қатайта түседі екен…

…Менің апамның қандай жан болғанын өзінің замандастары, ортасы, ұжымы жақсы біледі. Бағасын да беріп келеді. Менің қабылдауымдағы апам қандай болатын?! Ең алдымен, Апа – адал жар, мейірімді ана, өзім дегенге өзегін жұлып берер бауырмал жан. Аға екеуінің арасынан қыл өтпестей дос, сырлас, ақылдас болды. Бірін-бірі толықтырып жүретін, екеуінің келбет сұлулығы қалай үйлессе, жан дүниесі үндесіп тербелетіндей көрінетін. Апа: «Тағдыр мені ақыл, парасатына білімі мен біліктілігі, мінез-құлқына дүниетанымы сай азаматқа жар етті. Тағдырым арқылы алған тағылымым өз өмірімнен де асып төгілер еді», – деп ағынан жарылатын. Ағаны ерекше қадір тұтып, күндегі тірлікте құрметпен ықылас танытатын. Апа ағаның қандай пікіріне болмасын қолдау көрсетіп, әрдайым ой бөлісіп отыратын.

Екіншіден, Апа – қарапайым қонақжай қазақ әйелі. Қазақ халқы ханның ханымын, батырдың аруын бір-бірінен айырып қарамаған, қайта бір бүтіннің екі жағы деп қабылдаған. Ағаның Сыр өңіріне аяқ басқан ел ағаларын кез келген уақытта отбасына шайға шақыруы апаға деген толық сенімінен, осы бір бүтіндіктен болса керек. Қонақтар қатарында танымал жазушылар, өнер адамдары, ел басқарған азаматтар бар. Кеңес Одағының Батыры Қасым Қайсенов, жазушы Әбдіжамил Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, өнер майталмандары Нұрғиса Тілендиев, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова-сынды ел мақтанышына айналған қонақтар ерекше есімде қалыпты. Апа сол кісілердің бәріне жылы, жұмсағын айырықша баппен, ықыласпен ұсынатын, өзінің ой-пікірімен бөлісіп тұздықтай білетін.

Үшіншіден, Апа – шәкірт бойына сауаттылықпен қатар ізгілік пен мәдениеттің нәрін дарыта білген ұстаз. Апа шынымен де, өз мамандығын шексіз сүйетін. Көркем шығарманы толық оқып шықпайынша талдамайтын, Мен 1986 жылы ҚазМУ-ды бітіріп келіп, апамен әріптес болдым. Сабақ жоспарын жасау, ашық сабақ өткізу, диплом жұмысына жетекшілік ету, дұрыс киіну, әріптестермен сыпайы қарым-қатынас қалыптастыру т.с.с толып жатқан күнделікті тірлігіме апа үнемі ақыл қосып, қамқорлық танытып отырды. 1991 жылы «Үздік оқытушы» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алғанымда бет жүзі ерекше нұрланып, үлкен мейіріммен «айналайын» деп бетімнен сүйіп, құшағына басқанын қалай ұмытайын. Шәкірттері ше, әлге дейін Тазагүл апай деп естеріне алғанда бәрі де бірауыздан «апайдың сабағы – әдебиет әлеміне деген саяхат қой» деп ерекше қанаттанып жатады. Ұстаз шеберлігі деген осындай-ақ болар.

Төртіншіден, Апа – көркем әдебиетті тұщынып оқитын және оқығанын білгенін, түйгенін өзі біліп қана қоймай, жастарға, жұртшылыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде айтып, бөлісіп отыратын көркем сөз шебері, Сыр өңірінің рухани мәдениетін өркендетуге өз үлесін қоса білген қайраткер.

Бірде апа телефон соғып: «Күлдір, сен «Егемен Қазақстан» газетін аласың ғой. Соған М.Жолдасбековтің «Әулие» атты мақаласы шығыпты, оқы» – деді. Мен тағатсыздана күткен газетім қолыма тиген бойдан мақаланы бір деммен оқып шықтым. Апаға қайта қоңырау шалып, мақаланы оқып шыққанымды айттым. Апа тебірене отырып, «биіктік, кеңдік, тереңдік» деген қазақтың үш өлшемі Әбіш Кекілбаевтың болмысынан табылатынын айтты. Мен бұларды неге айтып отырмын? Апа еш уақытта әйел болып, өсек-аяңды тіліне тиек етпейтін, осылайша жетелеп, бәрімізді рухани байытып, шабыттандырып, тәрбиелей білді. Қайран, апатайым, қазір өзің кеткелі «ақылдасайын дегенім ғой» деп әңгімесін бастап, «ар жағыңда қазаныңның асты күйіп, не шәйнегің қайнап жатқан жоқ па еді, мен ұзағырақ сөйлеймін» деп қамқорлық жасай отырып, пікірін бастайтын. Сондай бір кездесулерден алған әсерін айтып, кей жерлеріне сүйсініп, кей жерлеріне «дұрысы былай емес пе еді» деп риза болмай қалатын тұстары болатын.

Бір күні А.Тоқмағамбетов атындағы облыстық филармония залында қазақ қаламгерлерінің ақсақалы белгілі жазушы Ә.Нұрпейісовпен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге апамен бірге барып, қатар отырдық. Апа – жазушының шығармаларын толық оқыған және көңіл сүзгісінен өткізіп, санасына тоқи білген оқырман. «Қан мен тердің» өзіне ұнаған тұстарын жатқа біледі.

Кездесуге жастардың көп жиналып, үлкен буынның залда аздығына көңілі толмай отырған қарт жазушы: «Мына залда отырған магистранттар мен студенттердің көпшілігінің менің шығармаларымды түгел оқып шыққандарына күмәнім бар, сонда мен ойымды кіммен бөлісемін», – деп риза еместігін танытты. Осы кезде ортаға апа шығып, жазушы шығармаларына талдау жасады… Десте-десте ой легі бірін-бірі қуалап төгіле жөнелді. Шығарма кейіпкерлері жарыса шығып, көз алдымызда сап түзей бастады. Халық топырағының тереңінен тамыр тартатын образ – Кәлен, қарапайым балықшы, өр мінезді, намысшыл Еламан, бақыты баянсыз болған Ақбала, ақылман қария Сүйеу қарт, Мөңке, Айғаным, тіпті Судыр Ахмет те ұмыт қалған жоқ. Сөз құдіреті ме, әлде іштен тоғыз толғанып туған туындыңды өзіңдей сезініп, талдап жатқандықтан ба, қарт жазушы тыныштанғандай болды. Бұл – апа шығып сөйлеген осындай кездесулердің бір парасы ғана болатын.

Апаның елге, кейінгі ұрпаққа үлгі болар қасиеттерін осылайша термелей берсем, сезімталдығы, іске ұқыптылығы, жауапкершілігі, жан, тән тазалығы, сабырлы салиқалығы, өзінің ойын тармақтап жеткізе алатын сауаттылығы, ұстамдылығы, мәдениеттілігі, бір айтары бар сөз тапқыштығы, кез келген нәрсенің адал жағын таразылап айтатын шынайылығы, өмірді боямасыз қабылдайтын тектілігі, ең бастысы, тек қамқорлық пен мейірімге толы ана жүрегінің лүпілі бір кітапқа толық материал болатындай екен.

Сөз соңы: Сол тілден қалатын күннен бір күн бұрын, 10 қыркүйек күні түнгі он жарымда, телефон арқылы сөйлескенімізде апаның өз аузымен айтқан «иманды адам ешкімнің жанын жаралап, қатты сөз айтпайды, айтар сөздеріңе абай болыңдар» дегенінің соңғы сөзі екенін, оны бізге өсиеттей етіп қалдырғанын кездейсоқтық дей алмаймын. Сөз киесін ұғатын адамға бұл сөз жүрекке тағылған тұмармен бірдей.

Міне, тағы бір күз келді: өзің дүниеге келген және бұл дүниемен қош айтысқан қыркүйек айы. Күз түскеннен көңілім жабырқайды, арқам Сырдың желіндей уілдеп тұрады. Өзіңнен кейін тағы бірнеше күз менің асыл жандарым Бағдагүл тәтем мен Шәрібайымды да алып кеткен еді.

«Аппақ апатайым-ау, жатқан жерің жайлы, топырағың өзіңе торқа болсын, мәңгілік мекенің пейіш болғай» дей отырып, өзіңді бір сәтке де есімнен шығармайтынымды, үнемі асыл бейнеңмен күбірлеп тілдесетінімді, әрдайым барлығымыз құран бағыштайтынымызды, артыңда ізіңді, сөзіңді жалғастырар жандардың бар екенін айтқым келеді.

Күлдірсін Сейтжанқызы Сарышова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<