Батаменен ел көгерер

790

0

Республика күніне орай қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Батаменен ел көгерер» атты қалалық байқау өтті.

Байқауға 14 ақсақал қатысып, бақ сынады. Сайыстың алғы сөзін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахизада Төребаев алып, оның ұлттық мән-мағынасын түсіндірді.

– Халқымыз «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», – деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Ұрпақтарын ізгілікке жетелеп, ақ батасымен әр шаңырақты шуаққа жақсылыққа жетелеп жүрген ақсақалды қарияларымызға бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін. Халықтың ризашылығына ие болған мұндай іс-шара салт-дәстүрімізді дәріптеуде, жастардың рухани байлығын арттыруда маңызды орын алары сөзсіз, – деді ол.

Аталған сайыс 3 кезең бойынша өтті. Бірінші кезең бойынша қатысушылар тарихта есімі сақталған тұлғалардың батасын нақышына келтіре айтып шықты. Екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрлерге арналған бата түрінен бақ сынады. Үшінші кезеңде сайыс тақырыбына орай викториналық сұрақтарға жауап берді.

Сайысқа Қызылорда қаласының құрметті азаматы, театр өнерінің майталманы Хұсейін Әмір-Темір, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Қаршыға Есімсейітова, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ардагер журналист Кенжалы Ерімбетов қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Шаймұханбет Абсадықов 1-орын иегері атанды. Жүлделі 2-орынды Өрлеу бастауыш ұйымынан Кенжебай Қалиев алса, 3-орын Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғыны Қыдырбай Байкеновке бұйырды.

Сайыс соңында барлық қатысушы ардагерлер арнайы дипломдармен марапатталып,  ынталандыру сыйлығына ие болды.

«СБ» ақпарат

Батаменен ел көгерер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<