Рекорд жаңарды
Өзбекстан астанасында шілденің басында көлеңкеде ауа температурасы 43,5 градусқа жетіп, соңғы 157 жылдағы рекорд жаңарды, деп Қазақпарат хабарлады. Бұл 1868 жылдан бері тіркелген ең жоғары температура саналады.
Сонымен бірге Ташкенттің абсолюттік температура рекордына небәрі 1 градус жетпей қалды: 1997 жылдың 18 шілдесінде қалада 44,6 градус тіркелген болатын.
Ұқсас температуралық рекорд Наманган облысында да орнаған болуы мүмкін, мұнда 42,6 градус тіркелді. Бұл 2007 жылдың маусымында болған алдыңғы максимумнан 0,1 градусқа жоғары.
Өзбекстан аумағына қатты ыстық Ауғанстан мен Түрікменстан жақтан келген. Елдің оңтүстік аймақтарында аптап ыстық болған, әсіресе Термездегі температура 43 градусқа жеткен. Науаи облысының шөлді жерлерінде ауа 47 градусқа дейін қызған.
Роботтар футбол ойнады
Бейжіңде роботтар арасындағы алғашқы жарыс өтті, деп хабарлайды Қазақпарат. Қытай тарихында алғаш рет ұйымдастырылған футбол турнирінде алаңға жасыл және күлгін жейде киген роботтар шыққан. Дегенмен жарыстың қандай есеппен аяқталғаны хабарланбаған.
Бұған дейін Қытайдың Цзянсу провинциясындағы робот компаниясы өздері әзірлеген Сяотао есімді роботты Ханчжоу қаласындағы Manycore Tech Inc компаниясына «оқуға» жіберген еді. Қазір ол әуежайлар, пилотсыз дәріханалар, интеллектуалды сақтау орталықтары сценарийлеріндегі тапсырмаларды сәтті орындай бастады.
Бұдан бөлек Қытайда гуманоид роботтардың алғашқы жекпе-жегі өткен еді. Жекпе-жекке қатысқан Unitree G1 компаниясының флагмандық адам тәрізді роботының биіктігі 1,32 метр, салмағы 35 келі. Ол жетілдірілген есептеу қуатымен және бірқалыпты қозғалысты басқарумен жабдықталған.
Техаста төтенше жағдай
АҚШ президенті Дональд Трамп нөсер жауын мен Гуадалупе өзені суының арнасынан асуына байланысты су тасқынынан ең қатты зардап шеккен Техас штатының Керр округінде төтенше жағдай режимін енгізді, деп хабарлайды Қазақпарат.
Соңғы мәліметтер бойынша, Техастың орталық бөлігінде кемінде 59 адам мерт болған. Техас губернаторы Грег Эбботтың хабарлауынша, 850 адамды эвакуациялауға мүмкіндік туды.
АҚШ президенті сонымен қатар федералды билік өкілдерінің су тасқыны салдарымен күреске қолғабыс етіп жатқанын айтты. Сенбі күні Техасқа АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм барды.





