Ерте, ертеде Қиял әлемінде Жарықдала деген ел болыпты. Ол елде Ерен есімді батыл да ізденімпаз жасөспірім өмір сүрген екен. Бір күні Жарықдаланың үстін қара сиқырға толы дүлей күш торлап, адамдардың қуанышын сорып ала бастайды. Бұл сиқырдың аты — Есірткі екен. Ол көзге тәтті арман болып көрініп, жақындаған жанның ақылын тұмшалайтын көрінеді.
— Маған ерсең, шаршауды ұмытасың, қайғыдан құтыласың, — деп сыбырлаған Есірткіге ергендер болыпты. Ал бұл сөзді естіген Ереннің жүрегі өрекпіп, екі ойлы боп тұрып қалады. Сол сәтте аспаннан Күнтас жарқ етіп түсіп:
— Мен сенің таңдау тасыңмын. Мені ұстаған адам шындықты көреді, — деді.
Ерен тасты қолына алғанда, Есірткінің шын бейнесі ашылады: ол адамдардың арманын солдырып, денсаулығын әлсіретіп, достықты бұзатын қара айдаһар екен. Оған ергендердің өмірлері қара түнекке айналыпты.
— Оның жолы — қысқа бақыт, соңы — қараңғылық, — дейді Күнтас.
— Онда мен сені таңдамаймын! — дейді Ерен нық дауыспен Есірткіге тура қарап. Осы кезде Мейірім перісі мен Ақыл сақшысы келіп, Есірткіні жарық сәулемен қуып жібереді. Қара Сиқыр тарқап, елге күлкі қайта орала бастайды. Адамдар сергек болып, бір-біріне қамқор бола бастайды.
Еренөз елінің адамдарына қарап:
— Есірткі — қиял емес, қасірет. Одан күш емес, әлсіздік туады.Өмірдегі ең үлкен сиқыр — өзіңді сақтай білу,- дейді. Міне, осыдан кейін ауылдастары Еренге алғыстарын жаудырып, өздерін Есірткідей дүлей күштің құрсауынан құтқарып қалғанына рақмет айтыпты.
Қармақшы ауданы
№111 ортамектеп
8-сынып оқушысы
Райымбеков Мәди





