Ғасыр белесіндегі мектеп

1134

0

Сырдария ауданы Аманкелді ауылындағы Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейі 100 жылдық мерейтойын тойлап жатыр.

Мектеп 1923 жылы «Зіңкетер» бастауыш мектебі болып құрылды. Оның негізін Аманкелді ауылында туып-өскен Абдолла Ағайдарұлы қалады. 1936 жылы 7 жылдық мектепке айналды. Оның алғашқы директоры Қайырхан Қайырлапов Ұлы Отан соғысында қаза тапты. 1937 жылы мектеп директоры Қалмақ Сексенбаев болды. 1995 жылы мектепке жерлес ақын Қуаныш Баймағанбетов есімі берілді. Ал 2017 жыл «№42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейі» болып қайта құрылады.

– Мектеп қазір де жетістік жолында. 2022-2023 оқу жылының қорытындысымен үздік инновациялық іс-тәжірибесін негіздеудегі нәтижелі еңбегі мен дарынды оқушылардың білімін шыңдауға қосқан ерекше үлесі үшін марапатталды. Мерейлі мерекеде «Үздік білім беру ұйымы» номинациясымен марапатталып, бір миллион теңге қаржылай сыйлықты иелендік, – дейді мектеп директоры Зейнұр Жаманқұлов.

Жүз жылдыққа орай мектеп-лицейде 4-8 желтоқсан аралығында Қуаныш Баймағанбетовке арналған «Тереңнің гауһарын терген ақын» атты апталық өтті. Ашылу салтанатында ақынның өмірбаянына шолу жасалып, жоспар таныстырылды. Оған қоса, «Мерейлі мектебіме 100 жыл» тақырыбында мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарынан және Қ.Баймағанбетов шығармаларынан көрме жасалған.

1-11 сыныптарда «Сырдың сұлу сүлейі» атты тәрбие сағаттары өтіп, мектеп тарихында қызмет еткен ардагер ұстаздармен «Өмірі – өнеге, сөзі – ғибрат» тақырыбында кездесу ұйымдастырылған.

– «Brain rain» интелектуалды ойыны 9-10 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Тартысты ойынға 5 команда қатысып, 9 «ә» сыныбының «Лидер» тобы жеңіс тұғырынан көрінді. «Сырды жырлаған ақын» атты 5-7 сыныптар арасында жас ақындар айтысы ұйымдастырылып, үздіктер марапатталды.

Апталық қорытындысында мектеп оқушыларының ақынның балалық шағынан бастап кезең-кезеңмен театрландырылған қойылым көрсетті. Жоспарға сәйкес іс-барлық шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермен көңілінен шықты. Ақын мұрасын ұрпақтар жадында жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстар жыл көлемінде жалғасын табады, – дейді З.Жаманқұлов.

А.САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»