Кассациялық соттар құрылмақ

355

0

Қазақстан Республикасының заңнамасында сот төрелігін жүзеге асырудың жүйесі мен механизмі уақыт өте келе жетілдіріліп, қазіргі кезде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен әділдік принциптерін сақтау маңызды орын алады. Бұл тұрғыда, Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2-1-тараумен толықтырылып, кассациялық сот туралы жаңашыл нормалардың енгізілуі маңызды оқиға болды.

Осылайша, жаңа бастаманың заңдық тәртібі айқындалып, елордамызда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттар құрылатын болды. Бұл жаңашылдық 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енбек.

Кассациялық сот – төменгі сатыдағы соттардың қабылдаған шешімдеріне шағымдарды кассациялық тәртіппен қарайтын Жоғарғы сот сатысы болып табылады. Бұл соттың басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және әділ сот төрелігін жүзеге асыру үшін құқықтық қателіктерді түзету. Яғни, кассациялық соттың міндеті – төменгі сатыдағы соттармен қабылданған шешімдердің заңдылығын, дұрыстығын және әділдігін тексеру.

Кассациялық соттың құрылымы мен жұмысының тәртібі, ең алдымен, оның тәуелсіздігін және объективтілігін сақтауды қамтамасыз етуге арналған. Сондай-ақ, бұл соттың шешімдері мен практикасы Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен кеңес беру қызметінің бір бөлігі ретінде маңызды рөл атқармақ. Осы арқылы, Қазақстан Республикасының сот жүйесі түбегейлі және жоғары сапалы жұмыс істейтін болады.

Жоғарыда айтылғандай, кассациялық сот институтының дамуы, біріншіден, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге, екіншіден құқықтық дауларды шешуде әділдік пен бейтараптықты нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған. Ең бастысы, бұл кассациялық орган  толық тәуелсіз болады. Сонымен бірге істердің барлық санаттары бойынша арыздарды кассациялық сатыда алдын ала қарау сатысы алынып тасталуы да басты мәселе. Себебі, бүгінге дейін істерді бір судьяның қарап, пайымдауымен алқа қарауына жіберілмей келгені белгілі. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды ренішін туындатқан еді.

Бірыңғай кассациялық тәртіп заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарап, 6 ай мерзім ішінде істерді мәні бойынша үш судья құрамында қарауды қамтитын болады. Сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізілмек.

Дербес кассациялық соттардың құрылуына байланысты  Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты сот практикасын  және сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылықты сақтау мәселелерін зерделеу әрі қорыту болмақ.

Сот жүйесіндегі мұндай іргелі өзгерістер еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуына, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесінің күшеюіне ықпал етеді деп сенеміз.

Н.Төлеш,

Қызылорда қалалық сотының судьясы