Күнделікті 200 автобус жолға шығады

376

0

Фото: ашық дереккөз

Биыл «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің құрылғанына он жылдан асты. Өткен жылға дейін серіктестік 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырса, биыл олардың саны 20 бағытты құрап отыр. Қалаішілік бағытта күнделікті 200 автобус жолға шығады. Олардың қатынау интервалы 12-15 минутты шамалайды.

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіптің айтуынша, биыл үлкен сыйымдылықтағы 150 автобус сатып алу жоспарланды. Оған облыс әкімі қолдау білдіріп, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке алу ұйғарылды.

– Бұл ұсынысқа облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қолдау көрсетті. Алғашқы 50 автобус жұмысқа қосылды. Қалғаны жақын күндері қалаға жеткізілмек. Серіктестіктің стратегиялық жоспарында қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағытын қамту енгізілген, – дейді ол.

Серіктестік «Alempay» ЖШС операторы арқылы төлеу ісін жолға қойды. Сондай-ақ, жолаушылар электрондық жол жүру картасымен есептесе алады. Биыл қалалық мәслихат отырысында «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-на қарасты қоғамдық көлік бағыттарында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеру жөніндегі ұсыныс қолдау тапты. Электронды түрде төлемақысы бұрынғыша қала береді. Ал сараланған тариф 9 қыркүйектен бастап іске қосылды.

Айта кетсек, электронды және қолма-қол төлемақы өзге өңірлермен салыстырғанда қарайлас. Электронды түрде төлем жасаудың SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталарды қолданатын ұялы байланыс операторлары арқылы 8 түрі ұсынылған. Серіктестікке қарасты қоғамдық көліктер 2GIS, Яндекс GO және Яндекс Карта ұялы қосымшасына тіркелген. Өз кезегінде жолаушылардың баратын жеріне қосымша арқылы бағдарлы автобустардың қай бағытта,  қандай уақытта жүретінін көру мүмкіндігі жасалған.

Сондай-ақ серіктестік «KitapAl» кітап дүкенімен бірлесе отырып, халықты көркем әдебиет оқуға баулу үшін автобустарда алғаш рет жылжымалы электронды кітапханасын іске қосты. Кітап оқу үшін жолаушылардың смартфоны ғаламтор желісіне қосулы болса жетіп жатыр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<