Ішкі мемлекеттік аудит департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Аталған бағыттағы талдау жұмыстары келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
• Ішкі мемлекеттік аудит органдарының қызметінде қолданылатын нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
• Департаменттің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі тәуекелдерді сараптау.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттарына сәйкес мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары ашықтық, этика және адалдық болып табылады.
Соңғы жылдары ішкі аудитте электрондық құралдарды қолдану кеңінен дамып келеді. 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің қаржы-шаруашылық қызметіне электронды аудит енгізілді. Сонымен қатар, өткен жылдың ортасынан бастап кейінгі аудиттен алдын ала аудитке көшуге бағытталған трансформация кезеңі басталды.
Мемлекеттік аудиттің басты мақсаты – бюджет қаражатының тиімді және ашық пайдаланылуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта бірыңғай цифрлық платформалар арқылы бюджетті күдерістерге – жоспарлаудан бастап шарттық міндеттемелердің орындалуына дейін – камералдық бақылау жүргізіледі. Еңбекке ақы төлеуге бөлінген қаражатқа онлайн мониторинг жүйесі де енгізілді. Мұның бәрі мемлекеттік аудиттің ашықтығын арттыруға ықпал етеді.
Этика – сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет
Бақылау функциялары сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары салаға жатады. Осыны ескере отырып, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактілерін ұжымдық талқылау және оларды болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдау – сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың пәрменді әдістерінің бірі.
Департаментте Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады. Ол мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық пен мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Жаңадан қабылданған қызметкерлер үшін алдын алу сипатындағы түсіндіру шараларына ерекше мән беріледі.
Адалдық пен мүдделер қақтығысын болдырмау – басты назарда
Аудитордың жұмыс нәтижесі – шешім қабылдау. Бұл жерде кез келген оң шешім үшін сыйақы алуға жол беру – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы мүмкін. Мұндай қауіптің алдын алу үшін департаментте нақты ұстаным қалыптасқан: сыбайлас жемқорлықтың қаржылық жағынан тиімді емес екендігін әрбір қызметкердің санасына жеткізу маңызды. Осы мақсатта, аудитор қызметкерлердің еңбегіне лайықты материалдық ынталандыру шаралары енгізілді, жалақыға қомақты үстемелер белгіленді.
Сонымен қатар, қызметкерлердің мемлекеттік қызмет заңнамасын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметшінің этикасы және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша біліктілігін арттыруға бағытталған техникалық оқыту, семинарлар мен дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Сыбайлас жемқорлықтан ада мемлекеттік аудит – бұл тек заң талаптарының орындалуын бақылау ғана емес, сонымен қатар бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы сенімді нығайту жолындағы маңызды қадам.
Майрамкүл Умербаева,
департамент басшысының орынбасары





