Өзгерістер – уақыт талабы

321

0

Мемлекет басшысы жыл басындағы Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлану үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өтті.

Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту, адамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға бірнеше өзгерістер мен толықтырулар ензілген.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына мемлекеттік органның келісім-шарттық қызметшісінің ұғымы енгізілді.

Мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі – түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескерілген келісім-шарт бойынша мемлекеттік органға тартылған Қазақстан Республикасының азаматы.

Келісім-шарттық қызметшісі мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісім-шарт мерзімі бір жылдан аспайды.

Келісім-шарттық қызметшілерге қатысты нақты ережелер мен тәртіптер тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді.

Сондай-ақ, 2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің ротациясы жүргізіліп келеді. Қолданыстағы Заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс. Алайда, қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Сондықтан көптеген қызметшілер ротациядан бас тартады. Осыған байланысты, ротацияланатын қызметшіге қызметтік үй берілмеген жағдайда, оған ротациялық төлем төленеді. Ротациялық төлемді енгізу үшін республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажетті қаржы бөлуді мақұлдады.

Сонымен қатар, Президент Әкімшілігінің және Үкімет Аппаратының келісуімен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және оның аумақтық бөлімшелерінің құзыретіне келесі функциялар берілді:

– мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақысын белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

– мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторингті жүзеге асыру, оны жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ оның қорытындысы бойынша тексеру жүргізу;

– мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтан жұмысты, аралас қашықтан жұмысты, икемді жұмыс уақыты режиміндегі жұмысты қолдану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

– мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының ара қатынасын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

– мемлекеттік әкімшілік және саяси қызметшілердің еңбегіне ақы төлеуге байланысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және мемлекеттік органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу.

Бұл ретте, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуына бақылау функциясына аса назар аудару қажет. Атап өту керек, осы жылдың ақпан айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне түзетулер енгізіліп, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесін заңсыз бұзу туралы әкімшілік істерді қарау мәселесі агенттікке және оның аумақтық бөлімшелерінің құзыретіне берілді.

Осыған байланысты, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қарамағындағы мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесін бұзуға жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 15-бабында мемлекеттік әкімшілік қызметке конкурссыз кіру шарттары көзделген. Аталған бап, 5), 6) және 7) тармақтарымен толықтырылды. Атап айтсақ, 5)-тармағында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Президент жанындағы білім беру ұйымдарын уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес нәтижемен бітіргендер оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады деп көрсетілген.

Ал, 6)-тармағына сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарын уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес нәтижемен бітірген адамдар осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) әкімі және мәслихат аппараттарының төменгі лауазымына орналаса алады. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы және облыстық маңызы бар қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшылық емес лауазымын алады. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына, орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыс ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшылық емес лауазымына орналасуға мүмкіндігі бар.

Заңның 7) тармағына сәйкес «Б» корпусының орталық мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы, орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аумақтық бөлімшесінің басшысы, облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органының басшысы, орталық мемлекеттік органның ведомствосы басшысының орынбасары, Жоғарғы Соттың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты басшысының орынбасары мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасуға жол беріледі.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік аппарттың оң имиджін қалыптастыруға бағытталған.

Т.НҰРТАЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

облыс бойынша департаментінің

мемлекеттік қызмет саласындағыбақылау басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<