Қажылыққа бару үшін екпе алу міндетті

372

0

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қажылық сапарды қауіпсіз өткеру үшін бірқатар кеңестерді ұсынады. Санаулы күннен кейін әлем бойынша қажылық сапар басталады. Сауд Арабия корольдігі (бұдан әрі-САК) Қажылық және ұмра министрлігінің мәліметтері бойынша қажылыққа бару үшін вакцинация сертификаты болуы қажет. Бұл шешім САК-те болған кезде қажылыққа барушыларды түрлі аурулардан қорғау үшін, қатаң бақылауды және қосымша қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.

САК Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарын ескере отырып, қажылыққа баратын барлық адамдардың менингококк инфекциясына қарсы төрт компонентті вакцинамен екпе алғаны туралы жарамды халықаралық сертификаты болуы тиіс.

Менингококк инфекциясына қарсы вакцинация САК-қа барғанға дейін кемінде 10 күн бұрын жасалып, мерзімі 3 жылдан аспауы керек, иммундау күні мен вакцина сериясы көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, қажылыққа барушыларға маусымдық тұмауға қарсы екпесі болу және дифтерия, сіреспе мен қызылша сияқты вакцинамен басқарылатын ауруларға қарсы вакцинация мәртебесін жаңарту ұсынылады.

Менингококк инфекциясына қарсы егу жүргізілетін ақылы екпе жасау кабинеттері Алматы және Астана қалаларында қолжетімді.

Қажылық кезінде адамдар көп жиналатын жерлерде болған кезде жеке профилактика шараларын сақтау қажет:

– қолды сабынмен жиі жуу және дезинфекциялау майлықтарын қолдану;

– жөтелгенде және түшкіргенде майлықтарды қолдану;
– сырқат адамдармен араласпау және олардың жеке заттарын пайдаланбау;

– мүмкіндігінше адам көп жиналатын жерлерде бір рет қолданылатын бетперде тағу;

– түйелер жиналатын жерлерге жақындамау және олармен тікелей жанасудан аулақ болу;

– қайнатылмаған және пастерленбеген түйе сүтін ішпеу, сондай-ақ ұйымдастырылмаған сауда орындарынан азық-түлік өнімдерін сатып алмау;

– аурудың қандай да бір белгілері пайда болса, дәрігерге қаралу керек;

– сапардан оралған кезде және қандай да бір ауру белгілері пайда болған жағдайда (қалтырау, дене қызуының көтерілуі, әлсіреу, тамақ ауруы және т.б.) дереу медициналық ұйымға жүгіну керек, жақында қажылыққа болғаныңыз туралы дәрігерге хабарлау қажет.

Менингококк инфекциясы – бұл менингококк бактериясынан туындаған өткір жұқпалы ауру. Менингококк инфекциясы тасымалдаушының тыныс алу жолдарынан секреция тамшылары арқылы беріледі. Аурудың түріне қарамастан инкубациялық кезең 2-ден 10 күнге дейін.

Менингококк инфекциясының белгілері:

  • жоғары температура
  • мінез-құлықтың өзгеруі
  • бас ауруы
  • құсу
  • бөртпе

Асқынулары

Менингококк инфекциясы әртүрлі клиникалық көріністермен жүреді — асимптоматикалық және назофарингиттен жалпыланған формаларға дейін (іріңді менингит, менингоэнцефалит және әртүрлі органдар мен жүйелер зақымданған менингококцемия). Сондай-ақ, асқынуларғамыналаржатады:

– инфекциялық-уытты шок;

– мидың жедел ісінуі;

– қан кету және қан құйылу;

– бүйрек үсті безінің жедел жеткіліксіздігі;

– жедел жүрек жеткіліксіздігі;

– өкпе ісінуі және т.б.

Менингококк инфекциясының асқынуын вакцинация арқылы болдырмауға болады.

Динара Жаңабергенова,

Қызылорда облысының

санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<