«Сот кабинеті» электрондық сервисі

82

0

2014 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты өзінің (www.sud.kz)  ресми сайтында онлайн сервистерге және сот органдарының қызмет көрсетулеріне қолжетімділіктің жалғыз терезесі болып табылатын«Сот кабинеті» электрондық жобасын іске қосты.

«Сот кабинеті» электрондық өзара іс-қимыл, сондай-ақ сот органдарының жеделділігі, қолжетімділігі мен ашықтығы арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдетуге арналған.

«Сот кабинеті» сервисін іске қосқан сәттен бастап оның мүмкіндіктері тиісті түрде бағаланды: сервисті халық кең пайдалануда және адвокаттар мен кәсіпкерлердің тиімді жұмысына көмектесуге, азаматтардың құқықтық мәдениетін жетілдіруге және өздерінің  конституциялық құқықтарын қорғауға ықпал етеді.

Мәселен, 2014 жылы «Сот кабинеті» сервисі арқылы 105 707 электрондық құжат, 2015 жылы 382 238 электрондық құжат берілген, 2016 жылдың 5 айында электрондық түрде 266 262 құжат жіберілген, бұл «Сот кабинеті» сервисіне сұраныстың артқанын білдіреді.

«Сот кабинеті» сервисінің қағаз түрінен ерекшелігі электрондық нысанда талап арыздарды, сот хаттамасын беру туралы арызды, хаттамаға ескерту-арызды беруге, электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, электрондық қадағалау іс жүргізуіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланушыға ыңғайлы кез-келген орындағы интернет желісі арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге берілген мүмкіндік болып табылады.

Жоғарғы Сот жанындағы Соттар қызметін қамтамасыз ету департаменті  басшыларының және жауапты қызметкерлердің қатысуымен жұмыс кеңесі өткізілді. Онда адвокаттардың және «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі пайдаланушыларының ұсыныстарын ескере отырып, жаңа функционал және жетілдірілген құрылым көрнекі көрсетілді.

Мысалы, жаңартылған «Сот ісін жүргізу» қызмет көрсетуі азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізу құқығы салалары бойынша бөліктерді қамтыған, ол тәжірибесі жоқ пайдаланушыға заңдық кеңес алмай-ақ сервисті пайдалану мүкіндігін ұсынады. Құқықтың әрбір саласында тиісті электрондық қызмет көрсетулер бар.

«Менің істерім» деген бөлімде пайдаланушы жіберген электрондық арыздар туралы ақпаратты қарау және істі қарау барысының мүмкіндігі жеңілдетілген. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін енді бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы ақпаратты қарау және істі қарау барысы бір жерде іске асырылған, пайдаланушы тиісті сілтемені баса отырып, барлық сатыдағы өз ісінің қозғалысының тұтас процесін қарай алады.

Қазақстан Республикасының сот жүйесіне заманауи электрондық технологияларды енгізу халықтың сот төрелігіне қолжетімділік деңгейін елеулі түрде көтеруге мүмкіндік берді.

«Сот кабинеті» сервисі біртіндеп қағаз құжат айналымынан бас тартуға, ол өз кезегінде соттарда электрондық сот ісін жүргізудің жаңа сатысына көшуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмайды және  сот ісін жүргізу процесін оңтайландыру мен автоматтандыру бойынша ізденісті жалғастыра бермек.

Ж.Әбдраманова,

Қызылорда облысының кәмелетке

толмағандардың істері жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық

сотының психолог-инспекторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<