Өткен айда Қызылорда облысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Сол ауқымды шарада облыс әкімі Қызылорда медициналық жоғары колледжінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша фельдшер біліктілігін меңгеріп жатқан 12 студентке шетелде тәжірибе жинақтау жолдамасын жетекшілеріне табыс етті.
Бүгінде студенттер Түркияның жетекші медициналық мекемелерінің бірі – «Medicana İnternational Hospital» клиникалар желісінде оқу-өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды.
Оқу-өндірістік тәжірибенің алғашқы күні студенттерге клиникадағы ішкі тәртіппен, қауіпсіздік талаптарымен және жұмыс жүйесімен таныстыру мақсатында кіріспе оқыту өткізілді. Оларға арнайы клиникалық формалар мен жеке идентификациялық карталар берілді. Осы арқылы олар клиника қызметкерлерімен тең дәрежеде қатысып, түрлі бөлімшелердегі практикалық машықтарын бастауға мүмкіндік алды.
Екі апта бойы олар заманауи медицина жетістіктерімен танысып, шетелдік тәжірибелі мамандардың қасында практикалық дағдыларын жетілдіріп, шетелдік клиниканың жұмыс жүйесімен тереңірек танысады. Тәжірибе барысында олар жедел жәрдем, ішкі аурулар, хирургия, реанимация, мейіргерлік күтім сияқты бағыттар бойынша білімдерін нығайтып, кәсіби көзқарастарын кеңейтеді.
Бұл бастама – болашақ медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына жасалған маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жарқын үлгі.
Сала басшылығы жастардың сапалы білім алуына қолдау көрсеткен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына алғыс білдіріп отыр.
«СБ» ақпарат





