Судья – сот жүйесіндегі басты тұлға

477

0

Фото: ашық дереккөз

Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.

Сот жүйесінің қызметі ҚР Конституциясының VII бөлімінде және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңында айқындалған. Соттың мәртебесі, оның беделі мен тәуелсіздігі мемлекеттегі заң үстемдігінің, сонымен қатар, жеке азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты көрсеткіші болып табылады. Сот билігінің негізгі міндеті – қоғам мен мемлекет өміріндегі туындайтын жанжалдар мен дауларды шешу, бұзылған құқықтарды қорғау, құқықтық тәртіпті реттеу. Сондықтан Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.

Сонымен бірге, Конституцияда: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп шегеленіп көрсетілді. Бұл да өркениетті, құқықтық мемлекетте адам құқығының басты назарда екенін дәлелдейді. Сондықтан даудың ақ-қарасын ажыратып, тура төрелік етуші судья өзінің әділ шешімі арқылы халықтың сотқа ғана емес, мемлекетке деген сенімін қалыптастыруы міндет. Азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғап, елде заң үстемдігін орнату үшін отандық сотта түрлі реформалар қолға алынды. Соның ішінде алқабилер сотының енгізілуі, «Медиация туралы» заңның қабылдануы, мамандандырылған соттардың пайда болуы, судьялықтан үміткерлерге қойылатын талаптың күшейтілуі, жария-құқықтық дауларды сапалы шешу үшін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануы секілді бастамалардың барлығы саланы жаңа биікке көтеріп, жұмысын жандандырды, сот құрылымына үлкен өзгеріс әкелді. Мұнын барлығы заң үстемдігі тұжырымдамасы ешкімнің заңнан жоғары бола алмайтындығын айқындайды.

Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенге саяды. Сондықтан, әділдікті ту еткен кешегі дана билеріміздің дара жолын далғаған бүгінгі судьялар таразы басын тең ұстап, әділ төрелік жолында абыройлы еңбек етіп келеді.

Жасыратыны жоқ, басқа мамандық иелері қателессе, түзетуге болар, ал сот аяғын шалыс баса қалса, жазықсыз жанға, бүтін бір отбасына қасірет әкелері айдан анық. Бұндай жағымсыз жайттың тұтас сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірері де сөзсіз. Сондықтан басқа-басқа судьяға қателесуге әсте болмайды. Халық төреліктен адалдықты, әділдікті, заңдылықты, біліктілікті көре білсе ғана сотқа деген сенімі артып, сот беделі нығайатыны анық. Осы тұрғыда қазір бұрынғыдай емес, сотқа, сот шешімдеріне халықтың сенімі арта түсті. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені осы салада соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіліп, сот жүйесі заман үдерісімен сай дамыды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 23 қазанда ҚР судьяларының VIII съезіне қатысып, еліміздегі сот жүйесінің дамуы және судьялардың мәртебесі туралы ойларымен бөлісті. Президент атап өткен мәселенің түйінін тарқататын болсақ, соттың әділ және тазалық принциптеріне берік болуы үшін қоғам мен мемлекет бірлесе күш жұмсауы қажет. Президент Съезде жасаған баяндамасында судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойды.

Президенттің Кеңесте берген тапсырмасынан кейін сот реформасын заңнама тұрғысынан қамтамасыз ету үшін сот жүйелері мен судьяларының мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер енгізілді. Сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобасында инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығы қайта қарастырылды. Сонымен қоса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске бірқатар өзгерістер енгізіліп, оны «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес келтіруге бағытталды.

Жоғарыда атап өткен ауқымды реформалардың нәтижесінде сот жүйесінің көп сатылығы жойылды, судьялардың кадрлық іріктеу жүйесі жаңғыртылды. Судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданып, тараптарды бітістіру рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерін жетілдіру қолға алынды. Сондай-ақ сот жүктемесі азайтылды, сот актілерін ұғынықты тілде түсіндіру тәжірибесі енгізілді, жаңа электрондық сервистер мен жобалар іске қосылды, сот жүйесінің материалдық базасы нығайтылды, өңірлерде фронт кеңселер ашылды. Бұл батыл қадамдар мен сан-салалы жұмыстар сот жүйесін белсенді дамытудың жаңа қырын қалыптастырып, судьялардың жұмысына тың серпін бергені анық.

Тағы бір айта кететін жайт, 2019 жылдың 03 ақпанында заңды күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Бұл Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған түзетулер енгізілді. Заңнама негізінде жалпы түзетулердің бес тобын қарастырады. Осының ішіндегі түзетулердің екінші тобындағы заңнаманы халықаралық актілердің ережелеріне сәйкес одан әрі келтіру ұсынылатын «Төрелік туралы» Заңды қолдану практикасында бар проблемаларды шешуге бағытталған. Сондай-ақ, заң төрелік шешімді орындаудан бас тартудың негізі төрелік құрамының заң талаптарына сәйкес келмеуі ғана емес, сондай-ақ осы құрамның тараптардың келісіміне сәйкес келмеуі болып табылатындығы туралы нормамен толықтырылады.

Осындай мақсаты айқын міндеттердің нәтижесінде қазір сот саласы уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерілді. Сот судьялары мыңдаған адамның тағдыры мен дауын шешiп, олардың құқығы мен бостандығын қорғау жолындағы жанкешті еңбектің нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі нығайды. Оның да өзіндік себебі бар. Мәселен сот залына кірген судья бір сәтке ағайын-туыс, жора-жолдас атаулыны ұмытып, тек заңға ғана бағынып, ар-ұятына ғана жүгінеді. Сот үшін бұлжымайтын ереже ар-ұяттан, адамшылықтан аттамау. Ар-ұятпен бірге айтылатын тағы бір қасиетті ұғым – ар-иман. Абай атамыз айтқандай: «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек». Себебі бізге келген кісілер «мен әділет үйіне келдім, ол жерде мені күтеді, түсінеді, қабылдайды, мәселемді әділ шешеді» деп келеді. Сондықтан біз осындай құрмет пен сенімді ақтап, өз қызметімізді тиісті дәрежеде атқару, халықтың сотқа деген сенімін арттыру біздің басты міндетіміз һәм парызымыз десек те артық айтқандық емес.

Алиби ЗЕЙНУЛЛА,

Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<