Таза аймақ мәртебесі қайтарылды

654

0

Биыл облыста эпизоотиялық ахуал тұрақты. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері 14 түрлі жұқпалы ауруға қарсы  арнайы препарат салынып, алдын ала егу жұмыстары 100 пайызға орындалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді.

– Өңірде аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын алу шаралары мен диагностикалық тексеру жұмыстары тұрақты әрі сапалы жүргізіліп келеді. Ол үшін республикалық бюджеттен 7 мыңға жуық ветеринариялық препарат бөлінді. Ал өңірге бөлінген 5 мыңға жуық екпе қоры аудандарға таратылды. Сондай-ақ, жыл басынан бері 2 мыңға тарта доза алдын ала егілді. Атап айтарлығы, биыл өңірде жұқпалы бруцеллез ауруы тағы да байқалды. Қан сынамалары нәтижесінде ауру жұқтырған 5 бас сиыр мен 115 уақ мал ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес залалсыздандырылды. Бүгінде тағы 2 мыңнан аса жануарға диагностикалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 6 түрлі энзоотиялық ауруға қарсы ветеринариялық препарат сатып алынған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру барысында мамыр айына дейін мың жарымнан аса төрт түлік  ақпараттық жүйеге енгізілген. Нәтижесінде, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда жалпы мал саны 3,8 пайызға өсіп отыр.

– Кейінгі жылдары аймақта жануарлар мен адамзатқа ортақ жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Биыл соның нәтижесін көрдік. Олай дейтінім, наурыз айында Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы үстіміздегі таза аймақ мәртебесін қайта растады. Бұл аймағымыздағы ветеринария саласындағы үздіксіз еңбектің жемісі. Сонымен қатар, осы жылы республикалық бюджеттен қаржы қаралып, 635 ветеринар маманның айлық жалақыларына 50 пайыздық үстем ақы қосылды. Осының арқасында кадрлық тұрақтылықты сақтап қалдық. Жалпы, өңірдегі 8 ветеринариялық станция мен 139 ветеринариялық пунктте барлығы 800-ге жуық маман бар, – деді басқарма басшысы.

Орайы келгенде айта кетейік, биыл аймақта типтік жобадағы 3 мал қорымын салу үшін жұмыстар ұйымдастырылуда. Оған 60 миллионнан астам теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылған. Жалпы, облыс бойынша мал өлекселері мен биологиялық қалдықтарды тастайтын 146 мал қорымы бар. Оның ішінде, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес 90 типтік жобадағы, қалған 56-ы қарапайым шұқырлар.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<