Бөкеңді, Болат Қарғабаевты институт қабырғасынан жақсы білетін едім. Екеуміз де кешегі Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтта, бір факультетте болдық, ол бір курс жоғары оқыды. Бірақ қоғамдық жұмыста жиі кездесіп тұрдық. Ол факультетің комсомол ұйымының хатшысы, мен профсоюз (ол кезде осылай аталатын) ұйымын басқаратынмын.
Мен институтты 1963 жылы бітірдім. Облонодан Сырдария ауданына жолдама алып, Киров колхозында екі жарым ай жұмыс істеп, әскерге шақырылдым. Құжат бойынша жасы келген шешемнің жалғыз баласы болғандығымнан армияға бармай қалдым да, өзім қаладан жұмыс іздеп екі жарым айдай жүрдім. Менде қамқорлық жасайтын әке түгіл, жақын аға‑апа да жоқ болатын. Бауырына салған әкем, шешемнің ағасы Бәкір де, туған әкем Қошқар да 1942 жылы соғысқа кетіп, сол жылы өмірмен қоштасыпты. Екеуінің ортасында мен ғана. Сонымен тіпті облмидицияға (сол кездің стилімен айтып отырмын) дейін бардым. Олар жағдайымды біліп, сөйлесіп көрді де, келісе кетті. Қызыл дипломым бар. Өзім де ол кез үшін азын‑аулақ өмір көргенмін дегендей. Бірақ мұны институттағы оқытушыларым қолдамады. Студент кезімде ғылыммен айналысамын ба деген ойлар болғанды. Мәншүк маметова атындағы педагогикалық училищеде Шыңғыс Айтматовтың «Жамиласы» туралы баяндама жасап, В.И.Лениннің шығармаларындағы қанатты сөздердің қазақша аудармасы туралы курстік жұмыс т.б. орындап жүретінмін. Қалаға жақын Киров колхозындағы мектепке баруым да ары қарай аспирантураға түсемін бе деген ойдан туып еді.
Бір күні кешкілік көршім,қаладағы №10 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің кешкі бөлімінің директоры, білім саласында көптен істейтін Бақытжан Еспаев ағай үйге келіп, осы мектепте жұмыс істеп жүрген Болат Қарғабаевтың қалалық комсомол комитетіне екінші хатшы болып сайланғанын, ертеңгілік мені қалалық білім бөліміне ертіп апаратынын айтты. Бөлім бастығы Айтбай Сапаровдемалыста екен, орнында қалған мектеп жөніндегі бас нұсқаушы маған бұйрық шығарып берді де, желтоқсан айында жұмысқа кірісіп кеттім. Көп ұзамай мектептегі оқытушылар арасындағы комсомол ұйымын басқардым. Ол кезде қалалық оқу жүйесінде жылда мектепаралық байқау болатын. Комсомол жұмысының бір саласы осы еді. Өзің неге өлең айтпайсың дегеннен соң,өмірі өлең айтпаған жан мен де байқауға орыс тіліндеекі номер дайындадым. Ол бірақ онша болмады‑ау деймін, қатысқан қулар: мойнында байлауың бардай дауыстадың деді ғой. Бұлай болуы да мүмкін. Сахнада өлең айтып тұрсам, дәл қарсы алдымда қазіргі отасқанымызға 57 жылдан асқан жолдасым Туғанай отыр екен. Осы жағдай да дауысты бұзған болуы мүмкін.
Ол кезде шынымды айтайын байқамадым да, басқаша ойламадым да. Бөкең мектептен қол үзген жоқ. Үлкен іс‑шараларға қатысып жүрді. Мен кешегі оқытушылық кезін еске түсіріп жүрген шығар дедім. Сөйтсем өмір ерте есейткен комсомол келешекті ойлап жүрген екен. Оны 1966 жылы өзінің де, менің де оқушым Раушанға үйленгенде бір‑ақ білдім. Айта кетейін оң таңдады. Мектебіміздің озық оқушысы болатын. Кейінгі өмірлері де ешкімнен кем болған жоқ. Бәріміз куәміз.
Болат Қарғабаев адам танитын. Бұл кім болса, сонда бола беретін қасиет емес. Жасынан көпшілікпен көп араласу, жора‑жолдастың көп болуы адамды жетілдіре, пысыта түседі ғой. Туасы зерек адам өмірде гүлден нәр жинаған бал арасы сияқты, біреудің өзгеге жақсы қарым‑қатынасын көреді, екіншінің ұлағатты сөзін естиді, үшіншінің қиім киісін, жүріс‑тұрысын байқайды дегендей. Шынына келгенде, өмірдің өзі түсіне білгенде нағыз мектеп қой. Өкініштісі ‑ көп нәрсеге байыптап қарай бермейміз, тиісті көңіл бөлмейміз. Ал Бөкеңнің көргені де, естігені де аз емес еді.Көкірегі ашық, жүрегі жылы болатын. Сонау өткен ғасырдың ортасынан білсем де оның біреуге ауыр сөз айтқанын да, ренішін де немесе өзгенің оған бөлек сөз айтқанын көрген де, естіген де емеспін.
1964 жылдың басында Болат Қарғабаев қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшы болып сайланды да, мен де комитеттің қоғамдық жұмысына араласа бастадым. Бірде Шымкентте өткен Оңтүстік Қазақстан өлкелік комсомол комитеті ұйымдастырған аймақтық семинарда да болғаным бар. Ал 1965 жылдың басында қалалық комитетке жаңадан берілетін ұйымдастыру бөліміне меңгерушілікке шақырды. Мен келістім де ақпан айынан осы қызметке кірісіп кеттім. Мұның жұмысы өте ауқымды екен. Қаладағы комсомол ұйымдарымен күнделікті қарым‑қатынас жасап отыру керек. Оның үстіне екінші хатшы арнаулы жоғары білімі жоқ орыс қызы болды да, менің комсомолдық ұйымдастыру жұмысынан басқа көпшілік мәдени жұмыстармен де айналысуыма тура келді.
Комитетте қызметтес болу арамызды жақындата түсті. Оның үстіне Бөкеңнің туған қарындасы Жұмакүлмен бесжыл бірге оқығаннан да үйінде жиі болып тұрдым. Шәмбіл апай аса бір қарапайым кісі еді, біздерді өз ұл‑қызынан кем көре қойған жоқ. Еркін келіп, еркін кетіп жүрдік. Тіпті Ташкент көшесіндегі бұрынғы үйдің алдынан жаңа үй салғанда төбесін жабардағы асарға да қатыстым. Ал Бөкеңнің Темір атты інісі менің жақын нағашыларымның қызын алғаннан соң бұлардың отбасы да жақын болып кетті. Талай бірге, талай дәмдес‑тұздас болдық дегендей.
1965 жылдың аяғында Бөкен облыстық комсомол комитетінің идеология саласын басқаратын хатшы болып бекіді. Қалаға басшылыққа Садықбек Хангелдин келді. Сәкеңмен араласуым да студенттік кезден басталған болатын. Оның ақындығы, жазушылық қабілеті де жиі араласуға ықпал етті. Осылай бұл екі кісімен қарым‑қатынасым, бұларға деген ықыласым олардың өмірлерінің аяғына дейін болды. Қазір де қол үзген жоқпын.
Сәл қиялға берілейінші. Қазір кеңестік кезеңді сынайтындар аз емес. Өзіміз де кейде сынап жатамыз. Алайда менің сынау объектім ‑ Кеңес өкіметінің ұлттық саясаты, таптық негізге, пролетариат диктатурасының үстемдігіне сүйенген басқару жүйесі. Шынтуайтына келгенде, қандай қоғамдық құрылым болмасын, одан алатын, үлгі ететін дүниелер болады десек, социализмнен де алатын нәрсе аз емес еді. Тіпті кеңестік құрылысты соншалықты терең және жан‑жақты сынаған Мұстафа Шоқайдың өзі «Кеңес үстемдігінің 16-ыншы жылдығына орай» деген мақаласында Кеңес үкіметі өмір сүрген 16 жыл ішінде ешқандай бір оңды іс, табыс болмады деу дұрыс болмаған болар еді деген болатын. Мен кейбір саясаттандырып жіберген жерлері болмаса, жастар ұйымы, комсомол көп жұмыс бітірді деп ойлаймын. Әсіресе, бұл ой бүгінгі жастар арасындағы жүйелі жұмыстың жоқтығынан қалыңдай түседі.
Шынында да, комсомолдың жастар болмысымызға қосқан үлесіаз болған жоқ. Өзімнің тоғыз жыл комсомолдық қызметте болғаным белгілі дәрежеде болашағымды айқындады дей аламын. Оның ішінде Бөкең де, мен де Абылай Айдосов сияқты жастардың жалынды басшысымен қызметтес болғанымызды мақтаныш ететін едік. Мен Әбекеңді Сыр бойының Ғани дейтінмін.Бөкең өзінің «Жарасқан жастық шақ» деген мақаласында былай деп жазған екен: «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Әбекең (Абылай – Ә.Б.) басшылық жасаған облыстық комсомол комитетінің жастар арасындағы негізгі жұмыстары: еңбек ұжымдарында екпінді жастар бригадаларын жасақтау, жастарды Ғаниша өмір сүріп, еңбек ету, аға ұрпақ дәстүрінде тәрбиелеуге, өмірге жаңа салт‑дәстүрлерді кеңінен енгізу болатын». Өте орынды сөз. Бұған қосарым жоқ.
Жастар өмірі бұл шаруашылық жайлармен бітпейтіні белгілі. Сол себепті жаңа салт‑дәстүрді дамыту, жастардың жаңаша үйлену тойлары, еңбек ұжымдары мен оқу орындарында көркем‑өнерпаздар топтары ұйымдастырылып, олардың дәстүрлі байқаулары өткізілді. Бұл істерге ақын‑жазушылар қатыстырылып, өмірге жаңа туындылар келді. «Сыр сұлуы» ән‑би ансамблі Республикада бірінші орын алып, содан оны Садықбек Хангелдин Мәскеуге апарса, шетелге ‑ Болгарияға тұңғыш сапарын Болат Қарғабаев басқарды.
Осылай Бөкеңнің комсомолдағы бес жылы қарқынды өтті. Облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Х.Ш. Бектұрғановтың ұсынысымен Москвадағы КПСС жоғарғы партия мектебіне жіберілді. Бұл, сөзсіз, өзін соңғы жұмыста көрсете білген кадрдың болашағын ойлаудантұған еді. Бірақ тағдыр қызық қой. Облыстық партия ұйымына жаңаша стилдегі жаңа басшы келді де, ол ауысқанша Бөкең партия мектебін бітіріп келгеннен соң сегіз жылдан астам облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы және қосымша облыстық партия комитеті жанындағы партия, совет кадрларының білімін жетілдіру курсына жетекшілік жасады.
Қандай қоғамдық құбылыс болмасын, оның өзіне тән қайшылықтары да болады. Онсыз ол өспейді, жетілмейді де. Партия ұйымы да бұдан ада емес тұғын. Бұл көбіне басшыға, басшылық жүйеге байланысты. Әрине, облыстың партия басшылары арасында қабілеттілер аз болған жоқ. Әңгіме сол қабілетті олар халықпен бөлісе алды ма, болмаса негізінен өз мансабына, маңайына арнады ма деген сауал тұрады. Өмірде әділеттілік, адалдық қаға беріс қалатын кездер аз болмайды. Осындайдың салқыны Бөкеңе де, басқамызға да тиіп жатты. Әйтпесе Мәскеудің арнаулы партия мектебін бітірген, өмірлік, көпшілік жұмыста да аз болмаған адамды осынша жыл бір қызметте ұстау ешбір қисынға келмейтін тұғын.
Облыстық партия комитетіне басшылыққа ТәкейЕсетов келді де Бөкең Қазалы аудандық партия комитетіне екінші хатшы болып кетті. Бұл мәселеге обкомның партия бөліміне Абдулла Дәулетовтің келуі де ықпал етпеді емес.Әбекең бөлімдерде отырыңқырап қалған кадрларды ретіне қарай қозғауға тырысты. Іскер‑ақкешегі комсомол қызметкері, кейін обком партияға ауысқан Қуаныш Шапшановтың да Қазалыға аудандық партия комитетіне идеология жөнінде хатшы болуы да осы таңдаудың нәтижесі болатын.
1988 жылдың күзінде жергілікті мекемелердің басшыларын ұжым жиналыстарында өздері сайлап бекітетін жағдай болды. Осы тұста Болат Қарғабаев облыстық «Полиграфия» бірлестігінің басшысының сайлауына өз еркіммен келіп түсіп, көпшілік дауысқа ие болып, осы мекемеге бас директор болды. Осында сегіз жылдай зейнеткерлікке шыққанша қызмет жасады. Атқарған қызметтеріме орай бірнеше мәрте облыстық, қалалық, аудандық партия комитетінің мүшесі, облыстық, қалалық, аудандық жергілікті советтердің депутаты болып сайланды.
Сыр бойының абзал ақсақалдарының бірі Елекең, Елеман Жүнісбаев айтқандай, біздерде комсомол деген ру бар еді. Біздер сол рудан болатынбыз. Ал бүгін руға, жүзге бөліну аз болғандай, бірлесіп тиімді қызмет ету үшін емес, көбіне бірігіп баю мақсатында құрылатын «бір команда» деген ұғым өмірге етене еніп алды. Мұндай кезек-кезек аударыспақтың әзір жұртшылыққа берерінен алары көп болып отырған жайлар жоқ емес.
Мен 2021 жылы Шымкентке үлкен бір іс‑шараға шақырылып, самолетке ертерек билет те алып қойған едім. Бөкең телефон шалып, комсомол күніне қолға түскен комсомолдарды, өздері болмаса, жолдастарын үйгешақырып шай бергісі келетінін айтты. Мен бағытты өзгертіп, алдымен Қызылордаға соғып, Бөкеңнің үйінде болып, ары ретіне қарай көрермін деп шештім. Менің бұл келісімеол ерекше қуанды, қатты құшақтап, ризашылығын айрықша сездірді. Жақында салынған тамаша үйде біраздан бері көрмегендер бір‑бірімізді көріп, кешегі комсомол кездерімізді есе түсіріп, бір жасап қалдық Ортамызда кешегі комсомолда басшымыз болған Абылай ағамыздың жолдасы Несіп жеңгеміз болып, мәз болдық. Отырыс ерекше көңілді болды.
Бірақ ол кезде сонау 60-ыншы жылдары комсомолға қызметке тартқан Бөкеңдіосыдан кейін көрмеймін деп тіпті ойламаппын. Жерлеуіне қатыса алмадым. Қырық күніне арнайы келдім.
Құдайға шүкір. Бөкеңнің арты жақсы. Ұл‑қыздары жетіліп бір‑бір үйдің иесі болды.Ортасында басты адами байлығы болған Раушан отыр. Ал Бөкеңнің аруағына айтарымыз: жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Иман нұры пейіштің төрінде шалқысын! Ұрпақтары ұпай жинай берсін!
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдар докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<