Жол құрылысында білікті мамандар тапшы

948

0

Елімізде жол инфрақұрылымын дамыту басты міндеттердің біріне айналды. Республикалық жолдар ғана емес, ауыл-аймақтағы автожолдардың өзі тақтайдай тегіс, сапалы салынуы қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған баса мән беріп, Үкіметке тиісті пәрмен берген болатын. Жылдан жылға жол құрылысына бақылау күшейіп келеді. Сыр өңірінде соңғы үш жылға жүргізілген мониторинг бойынша жаңадан салынған автожолдардың сапасы көңіл көншітпейді. Басты себеп, жол құрылысында білікті маман тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр.

Кадрдың қат екенін алысқа бармай-ақ облыс үшін ауқымды жоба «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарынан айқын аңғаруға болады. Өңірге тиесілі 214 шақырым жолға 4 лот белгіленсе, соның үшеуін қытайлық компания еншілеп отыр. Жергілікті жерден жол салушы жалғыз мердігер ол – «Қыран» ЖШС.

Жол құрылысында білікті мамандар тапшы

Оның өзі шет елден жолшы мамандар алдыртып жұмысын жүргізуде. Неге? Өйткені, бізде халықаралық талаптарды меңгерген білікті маман жоқтың қасы. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жол мамандарын даярлауға аса қатты көңіл бөлінген жоқ. Есесіне, заңгерлер мен қаржыгерлерді шектен тыс оқытып, қазір екінің бірі осы мамандықтың иесі. Сонда еліміздегі жолдарды шетелдіктер салмағанда кім салады? Шынын айтқанда сыртқа тәуелді болып отырмыз.

Сондықтан, қазіргі жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын ояту қажет деп есептеймін. Бүгінде білікті жолшылардың жалақысы мұнайшылардан кем түспейді. Тек, оның насихаты аздау болып тұр.

Осы ретте, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК елімізде «2000 мектеп» жобасын қолға алып, мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беріп, жол мамандығын таңдауға шақыруда. Жыл басынан бері жергілікті филиал мамандары Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарындағы 43 білім ордасының оқушыларымен «ZOOM» платформасы арқылы онлайн жүздесті. Жас буын біле бермейтін мамандықтың қыр-сырымен бөлісіп, ой-пікір алмасты. Осы бастама болашақта оң нәтижесін беріп, жолшы мамандарының қатары артса еліміздегі жолдарды шетелдіктер емес, өзіміздің кадрлар салатын күнге де жетерміз.

Марат Ысқақов,

Жол саласының ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<