Студенттер арасында құмар ойынға салынғандар көп – депутат

679

0

Фото: Pyxabay.com

Қазір бәс тігу саласында жұмыс істеп жатқан ірі компанияларға қатысты қатаң заң шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында ойын бизнесіне арналған заң жобасын талқылау кезінде депутат Руслан Берденов айтты.

«Құмар ойын салдарынан қаншама адам суицидке барып жатыр. Бірақ оның себебін көп жағдайда білмейміз. Сонымен қатар, ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болды. Мектептегі оқушылардың арасында да осы ойыннан хабары бар. Бұл мәселеге қатысты сегіз университетке бардым. Жоғары оқу орындарында лудомандар көп екені, кейбір университеттерде 30-40 пайызға дейін жететіні айтылып жатыр. Ер балалар да, қыздар да ойнап жүр. Осы тұрғыда оқу орындарының басшылығы заңнаманы қатаңдату мәселесін көтеріп отыр», – деді Р. Берденов. 

Студенттер арасында құмар ойынға салынғандар көп - депутат
Фото: Руслан Берденов/Facebook

Оның айтуынша, Мәжіліс қарауындағы ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында заңнаманы қатаңдату тетіктері қарастырылған. 

«Қазір жұмыс істеп жатқан ірі компанияларға қатысты қатаң заң шығару керек. Ойынқұмарлық, бәс тігу жайында айтып жүргенде, көп жағдайда Satty Zhuldyz компаниясы назардан тыс қалып жатады. Бұл компания елімізде монополист саналады. Осы компания қызметі барлық өңірдегі дүкендерде және нысандарда таралған. Тіпті, діни мекемелерде де бар екен. Кеше бір видеоны көрдім, онда діни мекеменің өзіне де қойғанын байқадық», – деді депутат.

Руслан Берденов лотереяны жастар да, кәрісі де ойнайтынын айтты.

«Бұл ретте, лотоматиктерді айтып жатырмыз. Жақында Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевпен пікір алмасып, біраз жұмыс істедік. Қазақстан бойынша заңсыз жұмыс істеген 326 лотоклуб жабылды. Алайда заңды түрде жұмыс істеп тұрған лотоклубтар бар. Оның да жұмысын біз қарастыруымыз керек», – деді депутат. 

Еске салсақ, жақында Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. 

Елімізде 400 мыңдай адам букмекерлер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<