Студенттер ғылыми зерттеу жұмыстарымен таныстырды

809

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде дәстүрлі «Жаңа Қазақстан және студенттердің ғылыми шығармашылығы» атты ХХІV ғылыми конференция өтті.

Конференцияға ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректордың м.а. Абайбек Жүнісов қатысып, оқу орнында жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне қолдау қарқынды екенін атап өтті.

Студенттер ғылыми зерттеу жұмыстарымен таныстырды

-Университетте студенттерді ғылымға тарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оларды сан-салалы инновациялық жобалар мен технологияларды игеруге, жаңа білім мен идеяларды жүзеге асыруға бейімдеу – басты мақсатымыз. Осыны ескеріп, университетте ақпараттық технологиялармен, үлкен деректер және жасанды интеллектпен жұмыс істеуге үйретілген бітірушілер санын арттыруға басымдық берілген. Сонымен қатар, білім алушыларды ғылыми зерттеу мен стартаптарға белсенді қатыстырып, қолданбалызерттеулердің  жаңа бағыттарын қолға алудамыз.

Қазіргі күні студенттерге инженерлік бейіндегі зертхана, Т.Д.Қуанышбаев атындағы Химия-биологиялық ғылыми білім беру орталығы, арнайы қондырғы-кешендермен жабықталған 60-тан астам оқу-ғылыми зертханалары қызмет етуде. Ғылыми кітапхананың қоры оқу-ғылыми әдебиетпен тұрақты түрде толықтырылып, кең жолақты интернетке қосылған оқу залдары жұмыс істеуде, – деді Абайбек Талғатұлы.

Шарада студенттердің шығармашылығы мен жетістіктер көрмесі таныстырылды. Ал, пленарлық мәжілісте білім алушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысын баяндады.

Айталық, студенттер Дина Әділ мен Гүлназ Оңғар «Жасыл химия және косметология» тақырыбында баяндама оқып, өсімдік пен жануар майынан табиғи өнім алудың жаңа тәсілдерін айтты. Олар химия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Балықбаеваның жетекшілігімен қойдың құйрық майынан жақпа май дайындаған.

– Біз бір жылға жуық уақыт бұрын қойдың құйрық майының адам терісіне әсерін анықтау мақсатында химиялық талдау жүргіздік. Зерттеу барысында жағымсыз исін залалсыздандырып, крем мен жақпа май алдық. Сондай-ақ, салат жапырағының косметологиядағы маңызын анықтау мақсатында зертханалық жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде крем (маска) алынды. Ал, авокадо майынан табиғи сабын жасап шығардық, – деді студент Гүлназ Оңғар.

Конференцияда студент Сәкен Қанжар күріш қауызынан кремний диоксидін және аморфты кремний алу технологиясы туралы баяндады. Айта кету керек, кремний диоксиді кварц шынысын, оптоталшық, кремний өндіруде құнды шикізат болып саналады.

 Жиында білім алушылар мұнан өзге де тақырыптар бойынша, атап айтсақ «Қазақстан Республикасында цифрлық экономика субъектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау», «Трансформацияланатын  киімдердің заманауи дизайн шешімдері», «Жер-су атауларына байланысты Сырда туған аңыздар», «Влияние интернет-сленга на речевую культуру подростков» тақырыптары бойынша баяндама жасады.

Шара соңында әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай, Ғылым департаментінің директоры Қали Омаров ғылыми жетістікке жеткен білім алушыларға Басқарма Төрағасы – Ректордың марапаттарын тапсырды.

Студенттер ғылыми зерттеу жұмыстарымен таныстырды

   Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

медиа орталығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<