Студенттік жатақханалардың жайы қалай?

1175

0

Студенттерді жатақханамен қамту өзекті мәселеге айналып отыр. Ауылдан мектеп бітіріп, қалаға келгендердің дайын тұрған пәтері жоқ. Ал ақысына пәтер жалдап тұрудың өзі табысы жоқ студент үшін де, оның ата-анасы үшін де оңай емес екені белгілі. Кейінгі уақытта осы мәселеге мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Бұған Астана мен Алматы қалаларындағы жатақхана тапшылығы мен студенттердің тұрақтайтын орын таппауы себеп болуда. Олардың айтуынша, еліміздің ірі мегаполистерінде бір бөлмелі пәтерді жалдау құны орташа есепппен 150 мың теңге, 2 бөлмелі пәтер 250 мың, үш бөлмелісі 300 мыңнан асады.

Өңірлер бойынша салыстырып қарасақ, орын тапшылығы солтүстік аймақтарда көп кездеседі. Ал қалған өңірлерде тапшылық қатты білінбейді, дегенмен толық шешімін тапты деп айтуға да келмейді. Жоғары оқу орындарына қатысты ресми деректерде әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 15122 орын, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 4500 орын, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде  4000 орын, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде 3 000 орын, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде 5 000 орын жеткіліксіз. Жауаптылар мұны оқуға түсушілер санының көбеюімен байланыстырып отыр.

 Не десек те, оқуға келген студенттің ең бірінші мәселесі – тұрғылықты жер табу. Пәтерақының бағасы шарықтап кеткені айтылып жүр. Мәселен, елордада бір бөлмелі пәтерді, коммуналдық төлемдерді есепке алмағанда, 110-150 мың теңге аралығында жалға береді, бірақ үй иелері пәтерде 3 адамнан артық тұрғызбайды. Екі бөлмелі пәтерде тұру – студенттер тұрмақ, отбасылы, жұмыс-жайы барлардың өзіне әжептәуір салмақ.

Өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылдың ішінде 90 мың студенттің жатақханамен қамтылуын тапсырған болатын. Сол уақыттан бері жауапты мекемелер мен кәсіпкерлер жатақхана құрылысына белсене кірісіп, атқарылған жұмыстар біршама нәтиже бере бастады. Осы орайда Сыр өңірінде де студенттер үйінің қатары артып, жатақханаға мұқтаж білім алушылардың жаңа орынға жайғасуына мүмкіндік туды.

Осы тақырыпты жазу барысында қалада орналасқан студенттер жатақханасының жай-күйін білуге тырыстық. Ең алдымен аймақтағы білім беру саласы бойынша көш бастап тұрған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне қарасты жатақханалардың жағдайымен таныстық. Заман талабына сай жаңарған университет біліммен қатар студенттердің қауіпсіздігі мен денсаулығына аса мән береді. Бір байқағанымыз, мұнда студенттердің алаңсыз білім алуынан бастап, бос уақытын тиімді өткізуіне дейін жағдай жасалған. Тегін Wi-Fi желісі болғандықтан, ғаламторға қосылу қолжетімді. Қыс айларында бөлме температурасы қалыпты.

– Студенттерді жатақханаға орналастыру 1 қыркүйекке дейін жүргізіледі және орын алуға ниет білдірушілерге беріледі. Жатақханада тұратын студенттердің мәселесін шешу үшін арнайы студенттік кеңес құрылған. Олар білім алушыларды жатақханаға орналастырумен және іс-шараларды  өтіп  айналысады.  Сонымен қатар студенттер үйінде жыл бойына бекітілген жоспарға сәйкес әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мұнда орын жетіспеушілік және т.б. мәселелер дер кезінде шешіледі. Қазір білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған, – дейді әлеуметтік және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас әдіскері Алтынай Мұстафаева.

Айталық, университетке қарасты №5 студенттер үйінде  жастар үшін бәрі бар. Тұрғылықты орын мен ас үйдің жайлылығын есептемегенде кітапхана, оқу бөлмесіне дейін жасақталған. Ал ай сайынғы төлем студенттер үшін қолайлы. Осы орайда студенттер үйінің меңгерушісі Гүлсім Күндәулетова жастар үшін келесідей мүмкіндіктердің де қарастырылғанын айтты.

– Мұнда 386 студент орналасқан. Жатақханада  кір  жуу,  демалыс  бөлмесі, сондай-ақ асхана және медициналық пункт қызметі қарастырылған. Мұнда бөлмелер кең, дәретхана мен жуынатын бөлме жеке-жеке орналасқан. Сондай-ақ мекеме ғаламтормен қамтамасыз етілген. Жатақхана аумағында білім алу мен демалысты ұйымдастыруға мүмкіндік беретін кешендер жұмыс істейді. Студенттер үйі білім алушылардың тұруына қажетті барлық қолайлығымен, қауіпсіздігімен ерекшеленеді, – дейді ол.

Мұнан бөлек, аталған университеттің №1, №2, №3 жатақханасы және №4 ғалымдар үйі бар. Қосымша келісім-шарт негізінде «Қаржы орталығы» АҚ қаржыландыратын «Өркениет» және «ДилМаш» студенттер үйі білім алушыларға қызмет етеді.

Студент үшін жатақхана бағасының жалдамалы пәтер құнынан арзан болуы мен оқу орнына жақын орналасқандығы өте тиімді. Мұны олардың өзі құптап отыр. Жатақханадағылардың алаңсыз білім алуына жасалған жағдай кімді болсын қуантары анық.

– Мен қазір «ДиМаш» жатақханасында тұрамын. Бесқабатты қызыл ғимараттың сыртқы  көрінісі  ғана  емес, ішкі жағдайы да қолайлы. Бөлме іші алты және екі адамдық төсек-орынмен, жылу және жарықпен қамтамасыз етілген. Ай сайынғы бағасы да студенттің қалтасына ауырлық түсіре қоймайды. Уақытылы сабақ оқуға, қоғамдық жұмыстармен айналысуға толықтай мүмкіндік жасалған, – дейді студент Қасиет Ерланқызы.

Қазір №1 жатақханада күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жатақханаға орналасуға білім алушылардың берген өтініштері Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте қаралады.

Жоғарыда айтылған талаптар Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жатақханасында да көрініс тапқан. 300 орындық студенттер үйінің әр қабатында тамақ әзірлеуге арналған тұрмыстық бөлме, медициналық пункт, оқу залы уақытылы жөндеуден өтіп, студенттер игілігіне берілген. Мұнда мәдени шараларды өткізу бағытында тәрбиешілер, жатақхана тұрғындарының тәртібін бақылауда студенттер кеңесі жүйелі түрде жұмыс істейді.

Ресми деректер бойынша облыста барлығы 30 колледж бар. Оның 15-і мемлекеттік, 11-і жеке, жатақхана мәселесі толық шешілген, 4 колледждің студенттер үйінде орын жетіспеушілік мәселелері туындап отыр.

Шындап келгенде, студенттік жатақхана мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Бұл орайда тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар, оқу орындары бірлесе әрекет етпесе, жағдай тіпті қиындай түспек. Ал студенттерге керегі – жайлы жатақхана ғана.

Бүгінде кәсіпкерлердің жатақхана салу ісіне бей-жай қарамайтыны байқалады. Бұл бастама бойынша 2018 жылдан бері Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығы арнайы бағдарлама әзірлеп, жұмыс жүргізуде. Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға жатақхана құрылысына жауапты болса, әрбір салынған орынға мемлекеттік тапсырыспен қаражат бөлінеді. Бұл білім саласындағы әлеуметтік мәселені шешуде кәсіпкерлердің ынтасын арттырып қана қоймай, студенттер жағдайының жақсара түсуіне едәуір ықпал етеді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<