Сүзгіден өткен сенімді жобалар қажет

248

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен шағын өндірістік жобаларды жүзеге асыру бойынша мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен жауапты сала басшылары қатысты.

Айта кету керек, кешегі жиында аймақ басшысы нақты, пайдалы,  қажетті жобаларды жан-жақты сараптан өткізіп барып ұсынуды тапсырған болатын.

– Қала, аудан әкімдеріне шағын өндірістік жобаларды ұсыну жөнінде тапсырма берілді. Оларды жан-жақты зерделеп, нақтылаңыздар. Жұртшылықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті, пайдалы,  тиімділеріне қолдау көрсетуге дайынбыз. Жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасымен және «Байқоңыр» ӘКК арқылы қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізіңіздер.

Бұдан бөлек, қала, аудан әкімдеріне негізгі тұтыну тауарларының 65 түрі бойынша көрсеткіштерді қалпына келтіру жөнінде тапсырма бердім. Бұл тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы жеке бақылауымда болады, – деді облыс әкімі.

Биылға «Ауыл аманаты» бойынша республикалық бюджет есебінен 4,6 млрд теңге қаралған.  Орта есеппен 8 млн теңгеден алғанда 575 жобаны қаржыландырып,  610  жұмыс орнын ашу көзделген. Жалпы облыс бойынша  154 жобалық топ құрылып, 146  ауылдық округте скрининг жұмыстары толығымен жүргізілді.

Бағдарламаға барлық елді мекенді бірдей қатыстыру үшін  халық санына қарай  ауылдық округтерді түгел қамту жоспарлануда.

Ауылдардың мамандануын ескере келе, несие қаржысы 4 бағытқа бағытталады. Атап айтсақ,  ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына  108 жоба, егіншілік саласына  81,  мал шаруашылығына 123, басқа да түрлі бағытқа 263 жоба.

Бүгінде «Ауыл аманатының» жобалар пулы қалыптастырылып, қаржыландыру күтілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<