Үкімет елдегі жағдайды тұрақтандырып, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту үшін шұғыл шаралар қабылдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы реттеледі.
Елде сұйытылған газдың шекті бағасы бекітілді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «көгілдір отынның» бағасы 50-70 теңге аралығында сатылатынын айтты. Бұл баға 180 күн сақталады. Осы аралықта баға құнын өсірген компанияларға айыппұл салынады.
Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында литрі 50 теңгеден болмақ, Ал 200 шақырымнан алшақ аудандарда 55 теңгені құрайды. Шымкент, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан өңірлерінде газ бағасы литріне 60, алыс аудандарда 65 теңге, Алматы қаласында 65, Нұр-Сұлтан, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 70 теңге болып бекітілді.
Айта кету керек, сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдары арқылы сатуға көшу бір жылға шегерілді.
Бензин мен дизельдің бағасы да мемлекеттік тұрғыда реттеледі. Бұл да – Президенттің әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға қатысты тапсырмасына сәйкес қолға алынған шараның бір парасы. АИ-82 бензині 89, АИ-92 – 182, АИ-93 – 182, АИ-95 235 теңге деңгейінде сақталады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<