«Сұлу қыз, ару әйел, асыл ана»

2912

0

С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілданың шығармашылығына арналған «Сұлу қыз, ару әйел, асыл ана» атты поэзия кеші өтті. Оған зиялы қауым өкiлдерi, қала тұрғындары қатысты.

Кеш Қызылорда «Жастар театрының» әртістері ақын шығармаларынан дайындаған қойылыммен басталды. Кешті жас ақын Ақжол Түменбай жүргізіп, өлең жолдарымен кеш ажарын аша түстi.

Іс-шарада бірақатар құттықтаулар табысталып, ақынға сый-сыяпат жасалды. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова Халықаралық Жазушылар одағының Құрмет грамотасын табыстады.

«Сұлу қыз, ару әйел, асыл ана»

– Әдебиет – адамтану мектебі. Ақын-жазушылар – сол мектептің ұстаздары. Ғазиза да өзінің асқақ та әсерлі шығармаларымен халықтың жүрегінен орын алып жүрген ақын қыздарымыздың бірі, – деді Қ. Есімсейітова.

Мұнан соң ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемовтің, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмахановтың құттықтау хаттары оқылды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, Қызылорда қалалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Жағыпар Тәжмаханов құттықтау сөз сөйлеп, қаламгердің шығармашылығына тоқталды.

«Сұлу қыз, ару әйел, асыл ана»
«Сұлу қыз, ару әйел, асыл ана»

Ғ.Әбілда қазіргі күні облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет атқарады. Оған дейін бірнеше жыл Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы болды. Сыр өңірі ғана емес, еліміздегі ойлы оқырман атаулыға шығармалары етене таныс ақынның 2011 жылы «Таңсәрі», 2021 жылы «Сезiм – серуен» атты жыр жинақтары жарык көрген. Ақын жырларын қырғыз ақындары Кундуз Суранбаева мен Назгүл Хантөреева өз тілдеріне аударған.

Кешке өнер иесін құттықтап, алыс-жақыннан ақындар келді. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова: «Ғазизаның қай өлеңін алсақ та, махаббаттан жаралған. Өте сүйсініп оқимын, жаңа дүниелерін асыға күтемін» деп, шығармашылығына жоғары баға берді. Сырдың сыршыл ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі Дүйсенбек Аяшұлы кеш иесіне шығармашылық табыс тілеп, жылы лебізін білдірді.

– Ғазиза мектепте оқып жүрген кезінде «Сыр бойы» газетіне өлеңдерін жіберген. Ол өлеңдер сол кезде газетте қызметте жүрген менің қолыма түсті. Қарасам, өлеңдері әдемі. Мектеп оқушысының өлеңінен алысқа баратыны, ағымы алысқа кететін ақын екені көрінді. Соған бір жақсы пікірімді білдірген екенмін. Ғазизаның бүгінгі жеткен биігін сол кезде танығаным үшін ризашылық сезімдемін, – деді Дүйсенбек Аяшұлы.

Ал, «Парасат» орденінің иегері, белгілі қоғам қайраткері Алмагүл Божанова ақын өлеңдері қарапайымдылығымен, табиғилығымен ерекшеленетінін атап өтті.

«Сұлу қыз, ару әйел, асыл ана»

– Қазақ сөзге шешен, өлеңге жақын халық. Әр сөзін ұйқастырып сөйлейді. Сондықтан мен де поэзияны жақсы көремін. Соның ішінде Ғазизаның поэзиясын мойындаймын. Кез келген шығармашылық адамына бір тақырыпты байлап қояды. Бірін лирик ақын, бірін сатирик, бірін проза жазады дейді. Ал, Ғазиза прозадан да алыс емес. Поэзиясы да түрлі тақырыпта. Қоғамның қай құбылысын да жүрекке жақын етіп жазады, – деді Алмагүл Божанова.

Іс-шарада кеш иесі Ғазиза ақын жүрекжарды өлеңдерін оқып, оқырман қауымды, өнерін құрметтеуші ұжымын тәнті етті. Сондай-ақ ақын өленiне жазылған әсем әндер шырқалды.

Кеш қонақтары қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ақын шығармаларынан дайындаған көрмесін тамашалады.

«СБ» ақпарат

«Сұлу қыз, ару әйел, асыл ана»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<