Сыр елінде «Руханият жылы» аясында Әлем әртісі, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, академик Айман Мұсақожаеваның шығармашылық кеші өтті.
Классикалық музыка кешін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, аймақтың өнерсүйер жұртшылығы, зиялы қауым тамашалады.
«Өнер орталығына» жиналған көрермен сұлу саздың ырғағына бөленіп, мәртебелі музыканың салтанатына куәгер болды.
Скрипкашы жеке орындаушылық шығармашылығымен ұстаздық, ұйымдастырушылық, қоғамдық еңбек жолын қатар дамытып келеді. Репертуарында әлем музыкасының жауһарларынан Бах, Моцарт, Бетховен, Паганини, Хачатурян, Брамс, Чайковский сияқты композиторлардың туындылары, отандық сазгерлердің шығармалары бар.
Концерт Мүсілім Әмзенің дирижерлігімен облыстық симфония оркестрі орындаған Арам Хачатурянның «Маскарад» драмасының «Вальсімен» ашылды.
Айман Мұсақожаева аталған автордың скрипка мен оркестрге арналған концертін, әлемдік классикалық музыканың басқа да үздік туындыларын орындады.
Шығармашылық кеште өнер көрсеткен Айман Қожабекқызына және барша таланттарға облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<