Сұлу Сырдан – ару Астанаға

4094

0

Өткен аптаның жұма, сенбі күндері Астана қаласында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өтті.  «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты өнер мерекесі елорданың 25 жылдығына арналды.

Мәдениет және өнер күндері Астана қаласындағы Жастар театры сахнасында Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры қойған «Жәмилә» драмасымен ашылды.

Ш.Айтматовтың бұл шығармасында қалыптасқан дәстүр мен өз тағдыр тақтасындағы таңдауға қарсы тұрған жас әйелдің нәубетке толы махаббаты бейнеленеді. Жәмиләнің өміріндегі басты сынақ та осы болатын.

Қойылымды зиялы қауым өкілдері бастаған мәртебелі меймандар мен елордалық тұрғындар тамашалады.  Сарыарқаның сарышұнақ аязына қарамастан, театрға келушілер қарасы көп болды. Солардың бірі – біз пікірлескен Ұлтуған Ағымбай.

– Өзім қызылордалықпын. Астанаға келгеніме біраз уақыт болды. Қыстай осы жақта баламның қасында боламын. Сыр елінің өнерпаздары осында өнер көрсетеді дегенді естіп, күннің суықтығына қарамай келіп отырмын. Біздің елді бекерден-бекер «Сыр елі – жыр елі» деп атамайды ғой. Өнер тұнған халықпыз. Оны мақтан етемін. Бүгінгі спектакль тамаша болды. Елге деген сағынышым басылды. Басқа шаралардан да қалмаймын, жерлестерімнің өнерін тамашалаймын, – дейді зейнеткер.

Сонымен қатар астаналықтар мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығы аясында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклін тамашалады.  Бұл қойылым Кеңес заманында Халық ағарту комиссары қызметінде жүріп, ұлттың рухын оятуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің қилы тағдырын баяндайды.

Сыр елінің өнер мерекесі келесі күні Астанадағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты гала-концертпен қорытындыланды.

Елордалықтар  алдымен сарай фойесіндегі «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмені тамашалады. Оған аймақтың жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылған. Әсіресе, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, жаңғыртудан өткен «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы»  мүсіндерін, айтыс өнерінің  ақтаңгері Мұхтар Ниязовқа берілген «Алтын домбыраны» және өзге де жәдігерлерді көпшілік қызыға тамашалады. Олардың қатарында мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев та бар. Сәті түскенде ақынмен тілдесіп үлгердік.

– Ел астанасының төрінде екі күннен бері Сыр өңірінің өнері мен мәдениеті ұлықталып жатыр. Астана тұрғыны, Сыр елінің өнері мен мәдениетіне ерекше сүйсіне қарайтын азамат ретінде мен де келдім. Қызылорда ата тарихымызда маңызды рөлге ие. Сыр  – кешегі біздің тарихымызда ел астанасы болған төр. Сондықтан бұл – экономикасымен, басқа салаларымен ғана емес, мәдениетімен, өнерімен де көшбасшылық маңызға ие облыс. Басқасын былай қойғанда, әлемдік музыканың атасы болып саналатын Қорқыт бабамыздың осы Сырдың төрінде жатыр, қазақтың қанына біткен жыраулық өнердің алтын бесігі, алтын ұясы қалыптасқан жер. Сондықтан да қазақ өнері мен мәдениетінде маңызы ерекше. Өнер кеші еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өтіп отыр. Тәуелсіз еліміздің өнері мен мәдениетін дамытуда қызылордалық өнерпаздар өз үлесін қоса берсін деп тілеймін, – деді Аманжол Әлтаев.

Сұлу Сырдан – ару Астанаға

– Қызылорданың өнер күндері өтеді дегенді естіп бүгін күннің суығына қарамастан арнайы келдім. Астананың тұрғыны болғаныма он жылдан асты. Бірақ Сыр елімді сағынамын. Керемет кеш болып жатыр. Ұлттық жәдігерлерден ұйымдастырылған көрмені тамашаладым. Ұлттық тағам түрлері де молынан ұсынылды. Біздің Сыр елінің дархандығын, қонақжайлығын осыдан байқауға болады, – дейді 73  жастағы Сайлаукүл Есенбекова.

Сыр өнерінің салтанатын көруге ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері арнайы келді.

Сұлу Сырдан – ару Астанаға

Гала-концертте Сыр бойынан шыққан танымал эстрада әншілері Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарымбетов, Құралай Мейрамбек ән шырқады. Сондай-ақ, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, биыл ғана құрылған симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, Сыр өңіріндегі жыраулық мектептер өкілдері, тағы да басқа  таланттар өнер көрсетті.

Концерт Қызылорданың гимніне айналған Е.Әбдіхалықованың «Сыр елім» әнімен ашылды.

Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Арал ауданының тумасы, күйші, композитор Мұрат Сыдықовтың «Батыр баба» күйін орындады. Экранда шежірелі  өңірде тарихи төрт астананың болғандығын баяндайтын бейнетуынды көрсетілді.

Сыр бойындағы Нұртуған, Жиенбай, Сәрсенбай жырау, Нартай ән-жыр мектептерінің мақам-саздары домбырамен, сырнаймен, қобызбен орындалды.  Нұртуған жыр мектебінің өкілі Шолпан Бимбетова, Жиенбай жыр мектебінің өкілдері Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Нұрай Ерталапқызы, Сәрсенбай жыраудың ұрпағы Майра Сәрсенбаева, Нартай ән  мектебінің өкілі Ақмарал Ноғайбаева және Марат Сүгірбай, бала жырау Нөсер Айдосұлы Астанаға жыр шашуын арнады. Астаналық көрермендер ұлттық өнерге шөлдеп қалса керек,  шапалақ пен қошеметтен құлақ тұнды.

Сұлу Сырдан – ару Астанаға

Түркітілдес елдерге ортақ Қорқыт бабамыздың қобыз сарынын бүгінге жеткізген қылқобызшылар Қорқыттың «Қоңыр» күйін, әнші, «Қазақстан дауысы» мега жобасының және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Құралай Мейрамбек  жергілікті ақын Оңталап Нұрмахановтың сөзіне жазылған композитор Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әнін шырқады.

Ақындар айтысын, күйшілердің күй тартысын тамашалап жүрсек те, оркестрлер айтысын бұрын көрмегеніміз рас. Ал астаналық көрермен өнер мерекесінде тұңғыш рет екі оркестрдің айтысын тамашалады. Кәсіби өнер иелерінен құралған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі және жақында тұсауы кесілген симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады.

Сұлу Сырдан – ару Астанаға

Қазіргі кезде Сыр бойында дәстүрлі өнермен қатар, классикалық музыка жанры да өз биігінен орын алды.

Концерттің классикалық бөлімінде солистер 5 тілде әлемдік туындылар шеруін жасады. Қазақтың ән өнерін әлемдік сахналарда насихаттаған Мағжан Аманжолов, Мақсат Мақұлбеков, Ақылбек Табынбаев, Сымбат Тасбергенова және жерлестеріміз Бибігүл Жанұзақ, Ұлпан Әбдікәрімова, Алмат Изманбетов, Асхат Бөлебай классикалық шығармаларды шарықтатты.

Концерттік бағдарламаға түрлі жанр, заманауи коллаборациялар, этно-модерн стилінде өнер көрсетіп, қазақ күйлерін басқа аспаптармен сүйемелдеп,  кеңістігін кеңейткен баянист-аккордеонист, халықаралық байқаулардың лауреаты, Сыр елінің тумасы Ғалымжан Нарымбетов те шақырылды. Ол симфония оркестрінің сүйемелдеуімен француз композиторының туындысын орындады.

Сұлу Сырдан – ару Астанаға

Ал «Сыр сандуғаштары» балалар тобы Ринат Гайсиннің «Астана» әнін елордалықтар  назарына ұсынды. 

Мерекелік гала-концерттің эстрада бөлімінде Сыр бойынан шыққан танымал эстрада әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова елордаға арналған әндерді шырқаса, жергілікті өнерпаздар Жалын Жүсіпов, Айсұлу Әбді, Аружан Төреғали, Ерлан Садықов оркестрлер сүйемелдеуімен Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» туындысын асқақтатты.

Сұлу Сырдан – ару Астанаға

Астана сахнасындағы Сыр өнерпаздарының концертінде көрермендердің көптігі сонша ине шаншар орын болмады. Екі сағатқа созылған концертті тікесінен тік тұрып тамашалағандар қаншама. Дәстүр мен классиканы, эстраданы ұштастырған, ерекше көңіл күй сыйлаған өнерпаздарға елордалық көрермен ерекше қошемет көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<