Су айдындары мұздан тазартылуда

621

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 300 текше метр су жіберілуде. Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су деңгейі қатаң бақылануда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында су саласының жауапты өкілдері Сырдария өзені туралы толық мәліметті айтып берді.

-Бүгінде Шардара су қоймасынан жоғары орналасқан су қоймаларында 14 988 млн текше су жинақталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 898 млн текше метрге кем. Атап айтқанда, Тоқтоғұл су қоймасында 10 млрд 240 млн текше метр су болса, Әндіжан су қоймасында 820 млн текше метр су жинақталған. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасына секундына 776 текше метр су түсіп, өзеннің төменгі ағысына секундына 300 текше метр су жіберілуде, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов.

Бүгінгі мәлімет бойынша вегетациялық кезеңге дайындықты қамтамасыз ету мақсатында секундына 100 текше метр су көлемі Көксарай су реттегішіне қабылдануда.

-Биыл өңірде ауа райының жылы болғандығына байланысты облыстың оңтүстік бөлігіндегі Сырдария өзені мұздан толығымен тазарды. Сондай-ақ, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының аумағы да мұздан тазартылды. Қазіргі таңда су деңгейінің төмендігі мен мұздың қалыңдығына байланысты су тасқынынан қауіп жоқ. Су деңгейі толық бақылауда,- деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдос Әлібекұлы.

Брифингте сөз алған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Жансұлтанұлы су мәселесіне қатысты шаралар қабылданатынын жеткізіп, алдағы жылдың вегетациясына да дайындықты естен шығармау керектігін айтты.

-Су тапшылығының алдын алу бойынша нақты шаралар қабылданатын болады. Келесі жылдың вегетациясын да ойлауымыз керек. 2023 жылы 10 каналға тазалау жұмыстарын жүргіздік. Елді мекендерге насос қондырғыларын алып бердік. Биыл да 21 коммуналдық каналды қазамыз деген жоспарымыз бар. Бұл жұмыстарға тиісті қаржы бөлінді. Көктем айында басталатын болады, – деді Қайрат Жансұлтанұлы.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<