«Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы басталғалы оған арнайы техникалар, жүзу құралдары мен 100 адам жұмылдырылды. Нәтижесінде он тоннаға жуық түрлі қоқыстар мен ау қалдықтары шығарылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров хабарлады.
– Өздеріңіз білетіндей, облыста балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама шеңберінде 16 мың тонна тауарлы балық өсіру межеленген. Бүгінгі күннің өзінде оң нәтиже бар. Облыс бойынша 76 тауарлы су айдыны, 8 тоған шаруашылығы және 2 тұйық сумен қамтамасыз етілген жүйе жұмыс жүргізуде.
«Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы мамыр айына дейін жалғасады. Бүгінгі күні акция аудандарда кең көлемде өткізіліп, тиісті шаралар жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, Кiшi Арал теңiзiнiң су айдынында 1 мамыр – 10 маусым, облыс шегіндегі су айдындарында 20 сәуір – 10 маусым аралығында, «Сарышығанақ» және «Бутаковка» шығанағын байланыстыратын сағаларда маусымның 10-на дейін балық аулауға тыйым салу енгізілген.
Сонымен қатар, инспекцияның ұйымдастыруымен тиісті органдармен бірлесіп «Уылдырық шашу» акциясының жоспары мен іс-қимыл кестесі бекітілді. Акция басталғалы 33 рет балық қорғау заңнамасының бұзылғаны анықталды, 28 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 5-еуі сот органдарының қарауына жіберілді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<