Су аз, сең қауіпсіз

393

0

Мамандардың есебінше, қазір «Шардара» су қоймасынан жоғары бөлікте 14,9 млрд текше метр су бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 898 мың текше метрге аз. Атап айтқанда, қырғыз жеріндегі «Тоқтағұл» су қоймасында 10,2 млрд текше метр су бар.

– «Шардара» қоймасындағы су қазір 2,5 млрд текше метр. Оған жоғары ағыстан секундына 766 текше метр су түсіп жатса, қоймадан төменгі ағысқа  300 текше метр су босатылуда. Облыс аумағына 323 текше метр келуде. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда аз, – деді  Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Әбуов.

Вегетациялық кезеңге дайындық осы бастан қолға алынуда. Секундына 100 текше метр су «Көксарай» су реттегішіне қабылдануда.

– Облыс аумағында ауа райының жылынуынан қазір оңтүстік аудандарда Сырдария өзені мұздан толық тазарды. Мұздың жылжуы Сырдария ауданы аумағында.

Жалағаш және Қармақшы аудандарында мұздың орташа қалыңдығы 15-17 сантиметр. Қазалы және Арал аудандарында 30 сантиметрді шамалайды. Дарияда су тасқыны қаупі жоқ. Дегенмен, филиал тарапынан тиісті мониторинг жұмыстары күнделікті жүргізілуде, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Жансұлтанұлы су мәселесіне қатысты шаралар қабылданатынын жеткізді.

– Вегетациялық кезең мәселесін ойлауымыз керек. 2023 жылы 10 каналға тазалау жұмыстары жүргізілді. Насос қондырғылары алынды. 2024 жылы 21 коммуналдық канал қазылады деген жоспар бар. Қазуға тиісті қаржы бөлініп, көктем айында басталады деп күтілуде, – деді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<