«Балығы болмаған көл құрысын, киігі болмаған шөл құрысын» деген сөз болашақ ұрпақтың ұранына айналмасын деген мақсатпен Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы табиғат байлығын талан-таражға салушылармен күресін ұдайы арттырып келеді.
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі №593 «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» жөніндегі заңда балық шаруашылығын жүргізу, аулау тәртібі және оның әртүрлі жолдары анық көрсетілген. Мұнда кәсіпшілік, әуесқойлық-спорттық, ғылыми зерттеулер, бақылау, мелиорациялық, өсімін молайту мақсатында эксперементтік аулау сынды талаптар түзілген.
Ертеде аймақ тұрғындары мал шаруашылығымен айналысып, тек дария, теңіз, көл жағасында қоныстанғандар қарапайым құралдармен балық аулаған. Қазір балық аулап табыс тауып жүргендер арасында малын сатып, орнына балық аулау құралдарын сатып алып жатқандарды да естіп жүрміз. Айта кетейік, балық аулау құралдары аулауға рұқсат етілген немесе аулауға тыйым салынған құралдар болып бөлінеді.
Аймақта балық аулауға рұқсат құжатсыз немесе тыйым салынған құралдармен су маржандарын аулайтындар азаймай тұр. Оның алдын алу мақсатында, инспекция тарапынан үнемі рейдтік бақылау жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізілуде.
Алайда бүгінгі күнге дейін балық аулау қағидасын бұзу бойынша 21 қылмыстық, 658 әкімшілік іс анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 4,939 млн теңге айыппұл салынды. Қылмыстың құрамы бар істің бәрі құқық қорғау органдарына жолданды.
Әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша салынған айыппұлдың 4,758 млн теңгесі өндірілді. Осы бойынша табиғатқа келтірілген залалдың 6 млн 615 мың теңгесі өндірілді. 5 тонна 122 келі балық түрлері сот шешімімен тәркіленді.
Сонымен қатар, қыста аймақтағы су айдындарында мұздың қалың қатуына байланысты судағы ауаның жетіспеуі балықты әлсіретіп, тіпті жаппай қырылу қаупін туғызуы мүмкін. Осы жағдайды болдырмау үшін облыстағы барлық табиғат пайдаланушыларға, яғни, балық шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың барлығына су айдындарында ойық ойып, ауа беру жұмыстарын жүргізу керектігі туралы ескертпе хат жолданды. Бүгінде бұл жұмыстарға бақылау жүргізіліп отыр.
Осы жұмыстарды атқару кезінде және әуесқой спорттық балық аулау кезінде мұз үстінде жүру адам өміріне өте қауіпті. Сондықтан инспекция мамандары төтенше жағдайлар мамандарымен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндірме жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді.
Руслан СЕЙІТМҰРАТОВ,
Арал-Сырдария облысаралық бассейндік
балық шаруашылығы инспекциясының
бас маманы





