«Су бергеннің сауабы, төккеннің жауабы бар»

879

0

«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалында Су шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, кәсіби мереке иелерін құттықтады.

– Сыр елінің экономикасы, экологиясы мен халықтың әл-ауқаты тікелей суға байланысты. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жасыл даму» жобасы әзірленді. Жоба аясында су шаруашылығы саласында да біршама игі бастамалар көтерілген. Атап айтсақ, Кіші Аралды сақтап қалу, аймақтың мелиорация жүйелерін қалпына келтіру, каналдарды жөндеу, суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаралар қаралған. Бағдарлама аясындағы жұмыстар 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Осындай қат-қабат тірліктің басы-қасында су шаруашылығы қызметкерлері тұрғаны белгілі. Қазақта «су бергеннің сауабы, су төккеннің жауабы бар» деген тәмсіл бар. Күннің ыстық-суығына қарамай халыққа қызмет етіп жүрген сушылардың еңбегіне құрмет көрсету – біз үшін үлкен абырой, – деді Серік Салауатұлы.

Іс-шара барысында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде су шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Атап айтсақ, сала ардагері Елубай Молдашов, «Солтүстік Арал теңізі бөгеті және Ақлақ су торабы» өндірістік учаскесінің басшысы Марат Бозғұлов және «Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесінің жетекші маманы Баянбек Халжанов «Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ, «Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесінің бөлім басшысы Марат Бердиев, «С.Арыстанбаев атындағы Қызылорда су торабы» өндірістік учаске басшысының орынбасары Ғалымжан Үсекеев, «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары Қайрат Шакиров, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Жанна Жұмаеваға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісі тапсырылды.

Бұдан бөлек, аймаққа қажетті судың мақсатты пайдаланылуын реттеп, көзін табуға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасымен, Су ресурстары комитеті төрағасының және облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»