Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Сабыр Арыстанбаевтың 90 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, су шаруашылығының ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен туыстары қатысты.
Шарада ғалымның өмірі мен қызметі, жеткен жетістіктері мен елге сіңірген еңбегі жайында баяндамалар оқылып, естеліктер айтылды.
Су шаруашылығы саласының ардагерлері Кіші Арал мәселесі мен Сырдария өзенінің бүгінгі жай-күйіне де тоқталды.
– Сырдария өзенінің жыл өткен сайын тартылуы өңірдің шаруашылық-экономикалық саласына ғана қауіп төндіріп тұрған жоқ, сонымен бірге жаһандық экологиялық қасіретке ұрындыру қатері басым. Сырдария – трансшекаралық өзен. Оның бастауы көршілес Тәжікстан, Түркіменстан, қырғызстан және Өзбекстан елдерімен астасып жатыр. Су да – тауар. Бірақ Сырдария өзені алауыздыққа себепші болмауы тиіс, керісінше, орталықазиялық мемлекеттер бірігіп табиғи балансты сақтауға күш салуы керек, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның құрметті гидротехнигі Нариман Қыпшақбаев.
Конференция барысында сондай-ақ, Әбдіжәлел Бәкір, Атамұрат Шәменов және басқа да бірқатар қоғам қайраткерлері, сала мамандары сөз алып, Сабыр Шаймерденұлының еңбегі жайында кеңінен әңгімеледі. Конференция соңында сала үздіктері марапатталды. Сонан соң ардагерлер мен С.Арыстанбаевтың туыстары плотинада мемориалды тақта орнату салтанатына қатысты.





