Су нысандары ұдайы бақылауда

361

0

Сыр өңіріне табиғи су апатынан ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Сырдария арқылы келіп жатқан су деңгейі де жоғары емес. Облыс аумағындағы су қоймаларында жинақталған су мөлшері де алаңдата қоймайды. Облыстағы су шаруашылығы саласының мамандары бұл жағдайды жіті бақылап отыр.

«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаевтың айтуынша, кейінгі жылдарда дария деңгейі төмен. Биыл «Шардарадан» жоғары бөлікте орналасқан су қоймаларында 12,2 млрд текше метр су жинақталған. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 812 млн текше метрге кем. Қазір «Шардарада» 4,7 млрд текше метр су бар. Ол былтыр 5 млрд текше метр еді.

– Әдетте, көктем мезгілінде Қырғызстан энергетикалық режимге көшіп, дария бойындағы бастапқы «Тоқтағұл» су қоймасына қажетті суды молынан жинайды. Сондықтан алдағы күндерде судың деңгейіне байланысты өзгерістер болуы мүмкін. Бұл бағытта қазақстандық мамандар қажетті іс-шараларды қолға алып келеді. Ендігі кезекте судың лимитіне байланысты Шымкентте мемлекетаралық комиссияның отырысы өткізіледі. Онда судың жағдайы кеңінен талқыланып, дария бойындағы елдердің ішкі қажеттілігіне байланысты су лимиті белгіленеді. Сондықтан әзірге ол жөнінде нақты тұжырым жасай алмаймыз. Биыл дариядағы сеңнің жүруі судың төмен болуына байланысты қауіпсіз өтті, – деді Қ.Сәрсенбаев.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы сәуір айының басында өңірдегі барлық су тоспасы тексерілгенін атап өтті.

– Облыста Жаңақорған ауданында «Бесарық», «Жиделі», «Көлтоған», «Қыраш», Манап су тоспалары мен тоғандары орналасқан. Ал Арал ауданының Сексеуіл кенті аймағында «Құмсай» бөгеті бар. Бұл орындардың барлығы облыс әкімінің тапсырмасымен сала мамандарының тікелей бақылауында тұрғанын айта кеткеніміз артық болмас. Олардың ешбірінде қауіпті жағдай тіркеліп отырған жоқ. Соған қарамастан, өңірдегі әрбір су нысаны ұдайы бақылауда, – деді ол.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<