Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мен су ресурстарын үнемдеу мәселесіне айрықша назар аударды. Қай елде болмасын, аграрлық сала экономиканың негізгі бағытының бірі екені белгілі. Сондықтан мемлекет тарапынан елдегі ағайынның еселі еңбек етуіне барынша үлкен қолдау көрсетіліп келеді.
Сыр өңірі тұрғындарының негізгі табыс көзі – күріш шаруашылығы. Сондықтан жергілікті диқандар дария деңгейіне тікелей тәуелді болып отыр. Кейінгі жылдары су тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Десе де суды үнемді және тиімді пайдалану өзекті түйіткілге айналды. Мемлекет басшысы аталған проблемаға қатысты ой-пікірін білдірді.
Ашығын айтайық, бүгінде елімізде бұл мәселелерді шешуге байланысты нақты іс-шаралар атқарылып отыр. Арнайы министрлік құрылып, Су кодексі қабылданды. Соған қарамастан әлі де проблема кездеседі. «Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс» деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы осы орайда су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасап, онда жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталатынын айтып өтті. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады.
Сондай-ақ жылма-жыл көктем басталар сәтте су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіледі. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Бұл жағдай біздің өңірдің тыныс-тіршілігіне тән құбылыс. Дегенмен облыста суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында жаңашыл жобалар жүзеге асып келеді. Айта кетсек, суды тамшылатып және жаңбырлатып суару секілді батыл бастамалар қолға алынып, олардың тиімділігіне көзіміз айқын жетіп келеді. Мұндай оң істер жылдан-жылға көлемін кеңейте түсті.
Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды нақтылап, су ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты тың идеяны жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Ендеше, осы мақсатта жұмыла жұмыс жасау – негізгі міндетіміз.
Жорабек НҰРЫМБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
«Қазсушар» Қызылорда филиалының басшысы






