Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары талқыланды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.
Жиынға селекторлық режимде қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысына суды үнемдеу жұмыстары туралы баяндады.
– Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын қолдаймыз. Аймақта су тапшылығына байланысты биыл күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға немесе 5 мың гектарға қысқарады. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы құрылымдарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Егістікті әртараптандыруға басымдық беріліп, атыздар лазерлік тегістелуде. Бүгінде күріш алқаптарының 55 пайызы тегістелген, осы жылы бұл көрсеткішті 68 пайызға жеткіземіз. Тәжірибе көрсеткендей, лазерлік тегістелген жерде суды 15 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, күріштің қысқа мерзімде пісіп-жетілетін, өнімділігі жоғары жаңа сорттары өндіріске енгізілуде.
Қазір Украина ғалымдарымен бірлесіп, күріштің «Виконт», «Премиум», «Маршал» сорттары жергілікті ауа райына бейімделіп, аудандастырылуда.
Өткен жылы Ресейдің «Яхонт», «Патриот» жаңа сорттары тәжірибе ретінде 71 гектар жерге егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл сорттардың өнімділігі қолданыстағы сорттарға қарағанда 10 центнерге жоғары, вегетациялық кезеңі 10-15 күнге қысқа, суды 20 пайызға дейін аз қажет етеді. Суды пайдалану тиімділігін арттыру үшін егістік жердің 60 пайызын суландыратын «Сол жаға» магистральді каналына суды бөлу және есепке алуды автоматтандыру жұмыстарын бастадық. Бүгінде австралиялық «Rubicon Water» компаниясының тәжірибесін енгізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Жаңа технологиялар көкөніс, бақша, картоп, малазықтық және жүгері дақылдарын егуге де пайдаланылуда. Бұл бағытта биылдан бастап 5 жоба жүзеге асырылмақ.
Жобалар толық қуатына жеткенде 9 мың гектарды қамтиды. Оның ішінде Шиелі ауданында қытайлық «Бо Ян» компаниясымен бірлесіп, 3 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен жүгері өсіру жобасы басталды. 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қолдануды 50 мың гектарға дейін ұлғайту межеленді,– деді аймақ басшысы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау тетіктері талқыланды. Үкімет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдауда ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Қабылданған шаралардың арқасында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 36,5%-ға дейін өсті. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-ға дейін артуы керек. Үкімет басшысы биылдан бастап бақылау мен қадағалау салаларында тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылғанын айтты. Оның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру мен кәсіпкерлерді жауапқа тарту біршама қысқарады.
Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тапсырма берді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларына «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда филиалымен бірлесіп, Су шаруашылығы саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары жобасына облыстың су шаруашылығы мәселелерін енгізуді салалық министрлікпен пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ биылдан бастап Қазақстан Республикасы төрағалық ететін Халықаралық Аралды Құтқару қоры атқарушы комитетінің отырысын өңірде өткізу ұсынылды. Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша алдағы мақсат-міндеттерді белгіледі.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет» деп атап өткен болатын. Жүйелі жұмыстар өңірдің өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштерінің оң динамикасын қалыптастырды. Мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемінде өткен жылдың қыркүйек айынан бастап өсім қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы өсім бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, өткен жылды 1-орынмен қорытындыладық, – деді аймақ басшысы.
Дегенмен, кейбір көрсеткіштер бойынша жұмыс қарқыны төмен. Мәселен, орта кәсіпкерлікті дамытудың, ауылдық жерде бизнес-жобаларды қолдаудың жай-күйі қанағаттанарлық емес. Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Мұнан бөлек, басқарма экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесін арттыруға, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулына енгізілген жобалардың санын көбейту үшін ұсыныс беруге жауапты болмақ. Облыс аумағындағы индустриялық аймақтарға инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды орналастыру бойынша да міндет қойылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына «Ауыл аманаты» жобасы бойынша «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес сенім білдірген өкілді анықтап, құжаттар қабылдау тапсырылды.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<