Су – шектеулі табиғи ресурс

602

0

Мемлекеттер арасында су саясаты өте маңызды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапары барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, құрмет көрсеткені әрі іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін тәжік тарапына және Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты, сондай-ақ форумға қатысып отырған БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Кахи Имнадзеге ілтипат білдірді.

Президент өз сөзінде Халықаралық Аралды құтқару қорының 30 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған мерейтойлық саммиттің символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Қор құрылғаннан бергі уақыт аралығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды. Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ету ісінде Қор зор рөл атқарады. Бұған қоса ХАҚҚ – халықаралық аренада Орталық Азияның субъектілігін танытатын аймақтық ынтымақтастықтың санаулы әрі табысты механизмдерінің бірі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Тәжікстанның төрағалығын жоғары бағалап, осы кезеңде Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесі белсенді жүргізілгенін атап өтті.

– Тәжікстан мен Нидерландының төрағалығымен жарты ғасырға жуық уақыт ішінде алғаш рет Нью-Йоркте БҰҰ-ның Су жөніндегі конференциясы өтті. Бұл біздің аймақ үшін айтулы оқиға екені даусыз. БҰҰ Бас Ассамблеясының биік мінберінен Аралдың болашағы туралы Орталық Азия өңірінің біртұтас үні естілді. Орталық Азия мемлекеттерінің бірлескен мәлімдемесі ұсынылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент саммитке қатысушылардың назарын аймақ алдында тұрған бірқатар сын-қатерлер мен проблемаларға аударды.

– Жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес, біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген. Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнан соң Мемлекет басшысы суды тиімсіз пайдалану мәселесіне тоқталды.

– Біздің өңірдегі Сырдария мен Амудария секілді екі негізгі өзен су арналарының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам жасалуда. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі – өте өзекті. Бұл біздің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады. Жуырдағы Жолдауымда мен су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда осы саланың өзекті мәселелерімен тікелей айналысатын жеке ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қорды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Президент ең алдымен, Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтауға шақырды.

– Қордың басқармасы мен Атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар Қордың тиімділігін арттырар еді. Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмыс органдарын ұйымға мүше елдер бойынша біркелкі бөлу және Орталық Азияның барлық мемлекетінің өкілдері арасынан олардың қызметкерлерін жасақтау мәселесін пысықтау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аймақтағы барлық елдің мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақта суды пайдаланудың ашықтығын және Орталық Азия елдері арасында достықты қамтамасыз ету мақсатында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және  бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру қажет екеніне назар аударды. Бұл бастама климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектің Қорды жетілдіру жөніндегі Жұмыс тобының қызметіне атсалысуын оң бағалап, Қырғыз Республикасын қайтадан Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болуға шақырды.

Президент сөзін қорытындылай келе, тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік жасау және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу арқылы ғана аймақтың тұрақты дамуы, қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқаты қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорының аясындағы жоғары деңгейдегі келесі кездесуді еліміз бастамашы болған БҰҰ шеңберіндегі Аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.

Сонымен қатар жиында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев сөз сөйледі. 

Саммит қорытындысы бойынша Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Душанбе мәлімдемесі, Тәжікстан Республикасының Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығының қорытындылары туралы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының шешімі, Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымын және шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі қызмет туралы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының шешімі, Халықаралық Аралды құтқару қорының Президентін сайлау туралы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының шешімі сияқты құжаттарға қол қойылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<