ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысымен қатар, су тасқыны бойынша ахуал да талқыланды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің баяндауынша, бүгінде республикада жағдай тұрақты. Ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су тасқынына дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізді. Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев берілген тапсырмаларға қатысты арнайы мәжіліс өткізді.
«Биылғы 20 ақпандағы жағдай бойынша облыс аумағына секундына 200 текше метр су түсуде. Аралдан бастап Қызылорда қаласы аумағына дейін өзен арнасында мұз толықтай ұстасқан. Мұздың шеті Шиелі ауданының «Керкелмес» су бекеті тұсында. Жаңақорған ауданында өзен беті мұздан таза. Мұздың орташа қалыңдығы 10-28 см. «Қазгидромет» Қызылорда филиалының мәліметіне қарағанда, айдың үшінші онкүндігінде ауа температурасы 5 градустан 10 градусқа дейін, оңтүстік пен шығыста 17 градусқа дейін дейін жоғарылауы мүмкін. Ауа райы жылынысымен өзен арнасында мұз қозғалысы басталады. Кез келген уақытта мұз кептелісі салдарынан су деңгейі көтерілуі ықтимал. Қала, аудан әкімдері мен тиісті мекемелер дайындық шараларын күшейтуі керек», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, өткен аптада Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлының облысқа арнайы іссапары кезінде Сырдария өзенінің су шаруашылығы жағдайы мен су тасқынының алдын алу дайындығы таныстырылып, негізгі мәселелер талқыланды.
Жиында өңірде су тасқынының алдын алудың бекітілген алгоритміне сәйкес шаралар қабылдау және мұз қозғалысы кезінде жеке құрамның күшейтілген режимге көшуін қамтамасыз ету тапсырылды. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері жергілікті азаматтық қорғау қызметтері күш-құралдарының үнемі дайындықта болуын қадағалуы тиіс. Өзен бойындағы қауіпті учаскелерге бақылауды күшейтіп, тәулік бойы кезекшілікті жалғастыру қажет. «Қазсушар» мекемесі Сырдария өзенімен келетін артық суды алу үшін барлық су таратушы каналдар мен «Қараөзек» су арнасын әзірлеуге жауапты. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына түсетін судың бекітілген кестеге сәйкестігіне бақылау жасайтын болады.
Мұнан бөлек, тиісті басқармаларға мол су келген жағдайда облыс аумағындағы көлдер жүйесіне су алуды ұйымдастыру, авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдарының дайындығын үнемі әзірлікте ұстау және мұз жару жұмыстарын жүргізетін арнайы мердігер мекеменің дайын болуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<