Кеше Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында «Су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығына су үнемдеу технологиясын енгізудің өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өткізілді. Онда институт ғалымдары жаңа жобалар жөнінде жан-жақты пікірлесті.
Семинар барысында институттың басқарма төрағасының орынбасары Әсет Тоқтамысов су қорын тиімді пайдалану өзекті мәселе екенін атап өтті. Айта кетерлігі, бұған жаһандық климаттың өзгеруінің тікелей қатысы бар.
– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында өңірде ауыл шаруашылығы жерлері инженерлік жүйеге келтірілді. Ол облыстың табиғи-климаттық жағдайында дақылдардан тұрақты өнім алуға негіз қалады. Дегенмен кейінгі жылдарда ауыспалы егіс жүйесін басқару мен пайдалануда бірқатар кемшілік бар. Инженерлік жүйенің құрамындағы суару каналдары мен қашыртқы-кәріз жүйесі, оның бойындағы гидротехникалық құрылыстардың пайдалану тәртібі сақталмай жүр. Соның салдарынан ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайы нашарлаған. Топырақтың тұздануы көрініс берсе, оның өнімділіктің кемуіне алып келетіні белгілі, – деді Ә.Тоқтамысов.
Сондай-ақ, семинар барысында институттың бөлім басшысы Қанағат Бегалиев күріштің ауыспалы жүйесінде көкөніс-бақша дақылдарын тамшылатып суару әдісімен өсіруге байланысты ой-пікірімен бөлісті. Ал институттың орталық жетекшісі Жанұзақ Байманов, жетекші ғылыми қызметкері Өмірзақ Аймұхамбетов су үнемдеу технологиясы бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<