Су үнемдеуге үлкен сеп

452

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ауыл шаруашылығы саласында тиімді жобаларды ойлап тапты. Бұл жобаларды алдағы уақытта жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Аталған мектептің 11-сынып оқушылары Еңлік Мұратбек пен Назгүл Ыдырыс егін алқаптарының өнімділігін бақылау және өнім көлемін болжау технологиясын жасаған. Бұл автоматты жүйе егіншілердің жұмысын оңтайландырып, өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әділжан Науанның айтуынша, автоматты қондырғы топырақ пен ауа температурасын анықтап, судың мөлшері бойынша ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтерді радио арқылы қабылдағышқа жеткізіп, ауыл шаруашылық саласын жандандыруға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, аталған мектептің 10-сынып оқушылары Сәния Мұратова мен Жансая Өтепбергенова егін алқаптарын суаруда автоматтандырылған жүйені қосуды ұсынады. Олар жасаған агроплатформа егін алқаптарын оңтайлы суару мәселесін шешеді және ең бастысы, су ресурстарын үнемдейді.

Өнертапқыштар қазір егін алқаптарында тамшылатып суару технологиясы адамның қатысуымен жүзеге асатынын айтады. Осыған байланысты олар тамшылатып суару технологиясын толықтай автоматтандыруға болатынына назар аударды. Әзірге аталған жоба шағын макет ретіндегі құрылғыға айналдырылған. Сол арқылы тәжірибеден өткізілуде.

– Бұл  жобада  3  түрлі  датчик  қарастырылды.  Олар ылғалдылықты анықтап, күн сәулесінің түсуін қадағалайды және ауа температурасын есептейді. Аталған жоба сыртқы факторларды ескере отырып жасалған. Өсімдікке қолайлы жағдай туындаған кезде ғана конвейер іске қосылады, – деді Сәния Мұратова.

Жоба бойынша егіс алқаптарына кететін су көлемін 30 пайызға дейін үнемдеуге болады. Алдағы уақытта құрылғы үлкен көлемде құрастырылып, ол мектеп ауласында тәжірибеден өткізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<