Кейінгі жылдары облыстағы су тапшылығына байланысты күріш көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдарға назар аударылуда.
Өңірде суармалы жердің жалпы көлемі 254 мың гектарға жуық. Оның 178,6 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген. Басты дақыл – күріштің 90 проценті аймақта өндіріледі. Сондықтан дария суының үштен біріне жуығы егістікке пайдаланылады. Осы мақсатта алдағы уақытта суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу үшін 3 жоба жүзеге асырылмақ.
– Айта кетерлігі, облыстың ауыл шаруашылық саласы толықтай суармалы егістікке негізделген. Онда сумен қамтамасыз ететін каналдар және 3 мың шақырымнан астам қашыртқы-дренаждық жүйесі бар. Бәріміз білетіндей, кейінгі 2 жылда өңірдегі су тапшылығы салдарынан күріш көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылды. Орнына суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілді. Негізінде күріш егу арқылы топырақтың тұздануын төмендетуге болады. Сондықтан ауыспалы егістік тәртібін сақтай отырып, басты дақылдың егіс алқабын 75-80 мың гектарға тұрақтандыруға назар аударылуда. Сондай-ақ, суармалы жерді қолдану үшін 3 жоба қарастырылды. Бұл жобалар 29 мың гектар суармалы жерді айналымға қосуға және 158 мың гектар суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы.
Сырдария өзенінің жалпы жылдық су қоры – 37,1 млрд текше метр. Ал каналдар арқылы берілген су көлемі 1,1 млрд текше метрді құрайды.
– Еліміздің аумағы 8 су нысаны бассейніне белгіленген. Солардың ішінде ауқымдысы және экологиялық проблемалары толық шешілмегені – «Арал-Сырдария» бассейні. Өңірдегі су тапшылығына байланысты суармалы егіске 4,1 млрд текше метрден 3,6 млрд текше метрге лимит қысқартылды, – деді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Әбуов.
«Қазсушар» РМК облыстық филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаевтың айтуынша, қазір «Нарын-Сырдария» каскасында орналасқан қоймада жинақталған су көлемі төмен. Бұл жағдай жылма-жыл қайталанып отыр. Салдарынан Сырдария өзенінің төменгі ағысында күрделі су тапшылығы болуда. Бұдан бұрынғы жылдары жедел қабылдаған шаралардың арқасында диқандар өнімін жинап алды. Дегенмен, бірнеше дақыл көлемін қысқартуға мәжбүр болды. Су шаруашылығын реттеу үшін 2025 жылға дейін республика бойынша 9 су қоймасы мен 120 каналды қайта реконструкциялау қолға алынбақ.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<