Судан қауіп төнуі мүмкін нысандар бекітіледі

60

0

Өңірде Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін 22 нысан бар. Оның тең жартысы кезек күттірмей бекітуге сұранып тұр. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының мәліметіне сенсек, биыл 3 нысанда қорғаныс бөгеттерін жөндеу және қалпына келтіру жоспарланса, Арал ауданындағы 2 нысанда жұмыстар басталып кетті.

– Атап айтқанда, «Аманөткел» ауылдық округі тұсындағы өзен бойындағы қорғаныс бөгеті қайта қалпына келтіріліп, қойтаспен бекітіледі. Екіншісі «Жаңақұрылыс» ауылдық округіне қарасты «Аманөткел» елді мекенінің тұсында. Осындағы «Ералы каналының» екі жағалауын қайта қалпына келтіріп, нығайту керек. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді басқарма басшысы Марат Құрманбаев.

Сырдарияның жылда қыс пен көктемде жұртты бір сынап алатыны бар. Алдағы уақытта да су тасқыны қайталанбайды дей алмаймыз. Сондықтан жергілікті билік қауіптен қорғануға күш салып отыр. Осы мамырда мамандар өзеннің су шаруашылығы нысандарын зерттеп, 14 нысанның бөгетін қалпына келтіру керек екенін анықтады. Қаржылық мүмкіндікке қарай бірінші кезекте жөнделуі тиіс учаскелер тізімнің басына шығады.

Басқарманың құзырындағы тағы бір жауапты міндет – кенелер ошағын залалсыздандыру. Жоспар бойынша 9 сәуір мен 24 маусым аралығында мамандар 115 елді мекенде осындай жұмыс атқарды. Соған қарамастан жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 14 адам ауруханаға жатқызылып, 7-нің диагнозы расталды.

– Өкінішке қарай кенеден кесел жұқтырған Шиелі ауданының егде жастағы тұрғыны қайтыс болды. Кене шаққан немесе кене шаққанына күмәнданған жағдайда адамдар көбіне өз бетінше үйде емделем деп уақыт жоғалтып алады. Ол кісі де сөйткен. Дер кезінде дәрігерге жүгінсе, бұлай болмауы мүмкін еді, – деді басқарма басшысы.

Залалсыздандыру шарасы алдағы уақытта да жалғасады. Ол 21 тамыз-8 қазан аралығына жоспарланып отыр.

Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру да – басқарманың басым бағыттарының бірі. Ол Президент Жарлығы және Үкiмет қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi. 18 жастан 27 жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды жасақтау үшін мерзiмдi әскери қызметке шақырылады.

– Соған сәйкес биыл көктемгі мерзімде 805 адам әскери борышын өтеуге шақырылуы тиіс болса, оның орнына 831 адам жіберілді. Сөйтіп, жоспар 103,2 пайызға орындалды, – деді Марат Құрманбаев.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<