Судьялар мәртебесінің конституциялық және халықаралық-құқықтық негіздері

417

0

Елімізде қандай да бір қызметтің міндеті мен жауапкершілігі тиісті заңнамалармен реттеледі. Әсіресе, кесімді төрелік айтып, әділ билігімен танылған сот төрелігіне жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Тарих беттерінен білетіміздей, сот билігі өз дамуында талай өрлеуден өтті. Тамыры тереңге тартқан тарихында сот төрелегінің қайталанбас үлгісі болған – билер соты «Жеті жарғыдан» бастау алады. Бұл құжат парасатты және әділ соттың жарқын үлгісі іспеттес десе болады.  Қанша ғасыр өтсе де Жарғы бүгінгі заңдар мен заңнамалардың түпқазығы болды. Ал, заңды жүзеге асыратын билер билік айтуда халық игілігіне қызмет етуді міндетім деп санаған.

Тәуелсіздік алғаннан соң еліміздің сот жүйесінде тың реформалар жүргізіліп, оның тиімділігін арттыруға бағытталған түбегейлі шаралар жүзеге асырыла бастады. Әсіресе, қоғам мен азаматтардың арасындағы құқықтық қарым-қатынастың реттілігін әлемдік талаптармен байланыстыру қажеттігі туындады.

Жалпы лауазымды тұлғаның қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәртебесі сол лауазымды тұлғаның қандай қызмет атқаратындығымен байланысты. Бұл реттен судья да шет қалмайды. Сот билігін атқарушы судьяларға конституциялық тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру және өзінің міндеттерін кәсіби негізде атқару құқықтары берілген. Қазақстанда барлық Судьялардың мәртебесі бірдей және бір-бірінен тек өкілеттіктерімен ғана ерекшеленеді.

Сот жүйесін одан әрі дамыту дербес, тәуелсіз сот құру – жүргізіліп отырған сот реформасының басты мұраты. Судьяның құқықтық жағдайы  Қазақстан Республикасының Конституциясында мен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңы және өзге де заңдармен айқындалған.

Сот билігі біртұтас мемлекеттік биліктің өз алдына дербес тармағы болып табылады. Қазіргі таңда елімізде Жоғарғы Сот пен жергілікті соттар құрайтын бірыңғай сот жүйесі жұмыс істейді. Барлық деңгейдегі соттардың судьялары тек өкілеттіктері бойынша ерекшеленетін бірыңғай мәртебеге ие. Судья Конституция мен заңдарға сәйкес сайланады немесе тағайындалады, оның қызметі аталмыш конституциялық заңда көзделген негізде және тәртіппен тоқтатылады немесе тоқтатылуы мүмкін деп көрсетілген.

Адам тағдыры таразыда тұратын сот төрелігін жүзеге асыру кезінде судьялар да тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Ешкімнің сот төрелігін жүзеге асыруға араласуға және судья мен алқабилерге қандай да бір ықпал етуге құқығы жоқ. Егер осы секілді әрекеттерге жол берілсе, заң бойынша қудаланады. Сондай-ақ, заңда көзделмеген міндеттер жүктелмейді, қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртібін сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгізілмейді. Судьялар ауыстырылмайды әрі тәуелсіздігі конституциямен және заңмен қорғалады және сот төрелігін жүзеге асыруы кезінде осы екеуіне ғана бағынады.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуымыздың түпқазығы іспеттес сот саласына ерекше атап өтті. Оның ішінде «Әділетті мемлекет» құру тұжы­рым­дамасының алғы шарты болып – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыруға басымдық көрсетілді.

Соңғы жылдары сот саласындағы қара қылды қақ жарған соттардің кәсібилігіне қатысты талаптар қатаңдатылды. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңына, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» және тағы басқа  заңдарға еліміздің судьялар құрамын жинақтауды демократияландыруға бағытталған өзгерістер енгізілді. Судьяның кәсіби қасиеттеріне деген талапты күшейту, сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты сақтамағаны үшін жауапкершілік, сондай-ақ судьялық әдепті арттыру жөнінде шаралар кешені қабылданды. «Тура биде туған жоқ» демекші, судья сот істерін қарау кезінде заңдылықты бұзғаны үшін, Судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін, еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Демек, тәртіптік істерді қозғау құқығы Жоғарғы сот төрағасына және облыстық сот төрағасына ғана тиесілі. Яғни, заңның алдында бәрі бірдей.

Заңдылық пен әділеттің күзетінде тұратын Сот жүйесінің басым міндеттері – биліктерді бөлудің конституциялық принциптерін неғұрлым толық және дәйекті іске асыру, жүйелерді пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасауы болып табылады.

Еліміздегі талаптар мен шетелдік тәжірибелерді саралай отырып, аталған конституциялық заңға сот тәжірибесі жинақталып, қазіргі заманға сай келетін жаңа мазмұнмен толықтырылып, тиісті өзгертулер енгізілді. Атап айтсақ, соттарды мамандандыру, аса ауыр қылмыстар қатарына жататын істерді алқа билердің қатысуымен қарау, соттармен бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды санкциялау құқығы, тағы басқа мәселелер халықаралық талаптарға сәйкес шешімін тапты. Қоғам мен мемлекет мүддесін, ел азаматтарының бостандықтары мен заңды құқықтарын сот арқылы қорғауды қамтамасыз ету үшін талаптарды жетілдіру, соттардың мамандану аясын кеңейту, істердің қаралу мерзімін сақтауды қамтамасыз ету, бақылау жасау аясын кеңейту, сот процестерінің ашықтығы сот саласын өркениет көшіне жақындата түсті.

Сондай-ақ, Жоғарғы Сот төрағасының өкілдіктерін кеңейтуге, судьялардың құқықтық мәртебесін көтеру мен әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған ережелермен, судьялар әкімшілігі – судьяларды ұйымдық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерімен толықтырылды.

Тәуелсіз еліміздің сот жүйесіне халық үлкен сенім артып, әділдік пен төреліктің айнасы ретінде қарайды. Сот беделі ең алдымен судьялардың кәсіби біліктілігіне, халықпен жақындығы мен ашықтығына тікелей байланысты. Жұртшылық пен ақпарат құралдары үшін соттың ашықтығы мен ақпараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сайтында қарау барысы заңмен белгіленген жабық отырыстарда қаралған істерді қоспағанда, сот актілері тұрақты түрде орналастырылуы қамтамасыз етілген. Бұл актілерге тек судьялар ғана емес, сонымен қатар кез-келген ғаламтор пайдаланушы қол жеткізе алады.

Сонымен қатар, сот процесінің өту барысы мен қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін  электрондық іс жүргізу, аудио және бейнежазба енгізілуі жолға қойылған. Бұл сот билігіне деген сенімділікті арттыру және заңбұзушылыққа жол бермеудің бірден-бір жолы болып табылады.

Бүгінде соттар халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, шиеленісті азайту, бітімгершілікке келу, келісім институттарын дамытуға айрықша бет бұрды. Дауды сотқа дейін жеткіз­беудің, сотқа дейінгі рәсім­дердің алдын ала шешудің мол мүмкіндіктерін мақсатты түрде пайдалана бастады.

Әдептілік – тәрбиенің алғы шарты десек, судьялардың қызметі мен мінез-құлқын реттейтін «Судьялық әдеп кодексінің» маңызы зор. Жалпы 15-бапртан тұратын Кодексте қойылатын талап та жоғары. Тек үкім шығарып қоймай, антына берік болып, қоғам алдындағы жауапкершілік пен міндетті сезіне отырып, өзінің жоғары әдебімен, мәдениетімен үлгі болуы тиіс. Бұл талап тек қызметтегі судьялар ғана емес, зейнетке шыққан судьялар да сақтауы қажет.

Қазақстандық заңнама­ларға енгізілген бірқатар өзгеріс­терге, құқықтық жүйемен танысу барысында жаңа қағидалы ережелерге шетелдік әріптестер мен мамандардың оң баға беруі бұл бағыттағы атқарылған жұмыстардың жемісті нәтижесі.

Халық даналығы сот билігіне қатысты «Елге бай құт емес, би құт» деп баға берген. Сонымен бірге, «Би төрттің құлы – адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділ­дік», «Әлсіздерге болысу, қиянатқа қарсы тұру, әділ болу бидің азаматтық, адамдық парызы» деген ұғымы кең тараған. Заң үстемдігінің кепілі болған сот жүйесі билік айтуда әділділігімен құрметке ие болады деген сенімдемін.   

Меруерт ТОҒЫЗБАЕВА,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<