Суды үнемдеп пайдалану қажет

383

0

Фото: Сырдария ауданының әкімдігі

Бүгін 2024 жылғы Сырдария өзенінің су шаруашылығы жағдайы, егісті әртараптандыру, ротация сақтау, су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану және егіншілік саласын субсидиялаудағы өзгерістерді түсіндіру мақсатындағы жұмысшы топ ауданда шаруашылық құрылымдарымен кездесті.

Кездесуде аудан әкімі Берік Сәрменбаев су тапшылығына байланысты егістік көлемі азайтылып жатқанын айтты.

– Мемлекет басшысы 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкіндігін атап өтіп, су қоймаларына күрделі жөндеу, каналдарды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алуды, судың «көлеңкелі» нарығын жоюды және суды барынша үнемдеу шараларын тапсырды. Осы ретте, өңір жұрты су тапшылығын көріп келеді. Бүгінде «Шардара» су қоймасына өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырмалы түрде алғанда 2 млрд. текшеметрге аз жиналған. Сәйкесінше, вегетациялық кезеңде Сырдария өзені арқылы өңірімізге келетін су деңгейі төмен болады деп күтілуде. Осыған орай, биыл ауданда 33 029 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, суды көп қажет ететін күріш дақылын ауданда 20 651 гектарға егу жоспарланды. Бұл өткен жылы егілген күріш дақылынан 3160 гектарға аз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кездесуде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы, жұмыс тобының жетекшісі Талғат Дүйсебаев су тапшылығына байланысты өңірде басты дақыл – күріш егу көлемі 78 мыңға қысқарғанын жеткізді. Сондай-ақ, егісті әртараптандыру, суды үнемді пайдалану технологияларын енгізуге басымдық беру керектігін алға тартты. Басқарма басшысы қордаланған қарызы бар шаруашылықтар су қарызын толық төлемейінше, егінге қажетті су берілмейтінін ескертті. Оған қоса, ротация сақтамаған шаруашылықтарға қатаң шаралар көрілетінін тілге тиек етіп, субсидияға қатысты өзгерістерге тоқталды.

Мұнан соң Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал – Сырдария» бассейіндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнолла Қазтоғанов, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Қызылорда филиалының Су шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Жорабек Ерназаров және Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаевтар түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов пен шаруашылық құрылымдарының төрағалары ұсыныс-пікірлерін жеткізді.@Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<