Судың жайы не болмақ?

696

0

Сыр өңірінде биыл да су тапшылығы болуы мүмкін. Мамандар мұндай болжамды жоққа шығармайды. Дарияның жоғары бөлігіндегі табиғи жағдай осындай ойға жетелейді.

Бастауын Тянь-Шань тауларынан алатын Сырдарияда су деңгейі биыл да төмен. Оған басты себеп – таудағы көпжылдық мұздықтардың аздығы, жауын-шашынның сирек жаууы. Осының салдарынан «Тоқтағұл» су қоймасында қазір бар-жоғы 9,4 млрд текше метр су жиналған.

– Аталған су қоймасының сыйымдылығы 19 млрд текше метрді құрайды. Байқасақ, онда 10 млрд текше метр су аз болып тұр. Бұл төменгі бөліктегі барша шаруаны ойландырады. Сырдария Қырғызстаннан өзге Тәжікстан мен Өзбекстан жерін басып өтетіні белгілі. Оның бойында қаншама су қоймасы орналасқан. Қаншама адам дария суы арқылы жерден нәпақасын тауып отыр. Олардың барлығына белгілі мөлшерде су қажет екені даусыз. Ендеше, өзеннің аяқ шенінде қоныс тепкен еліміз үшін Сырдария суы биыл да ділгір мәселенің біріне айналуда. Әрине, бұл бағытта жылма-жыл еліміздің тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынып келеді. Десе де, суды үнемді және тиімді пайдалануға мән беруіміз тиіс, – деді  «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Оның айтуынша, жоғары бөліктен «Шардара» су қоймасына секундына 700 текше метр су келуде. Былтыр да дәл осындай көрсеткішті көрсеткен еді. Қазір онда 3 млрд текше метрден астам су бар. Өткен жылы бұл уақытта 3,7 млрд текше метр су болған еді. Жалпы, су қоймасының сыйымдылығы – 5,2 млрд текше метр.

Былтыр су қоймасынан төменгі бөлікке 500 текше метр су босатылған. Қазір ол бар-жоғы 100 текше метрге жуықтайды. Осының салдарынан «Көксарайға» су алынып жатқан жоқ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл суды аз қажет ететін дақылдарға мән берілуде. Алдын ала жорамал бойынша күріш 80 мың тектарды маңайлайды. Ол былтыр 84 мың гектарды құраған.   Ал  дәнді дақылдар 92,2 мың гектарды құраса, майлы дақылдар 6,7, мал азықтық дақылдар 68,7 мың гектарды шамалайды. Картоп пен көкөніс, бақша 19,5 мың гектарға егілмек.

Көктемгі су алу қарсаңында барлық аудандар мен Қызылорда қаласының су шаруашылығы нысандарын дайындау жоспары жасалуда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<