Судың жайы: қамсыз қалмау керек

628

0

Фото: ашық дереккөз

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровпен кездесті. Басқосуда өңірде су тапшылығы жағдайын болдырмау үшін бірлескен Жол картасын қабылдауға қажетті ұсыныстар ескеріліп, ортақ мәселелер талқыланды.

Ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары мен су шаруашылығы саласындағы инспекция басшылары және сала мамандары да осы басқосуға қатысты.

Облыс әкімі өткен жылы вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өткенін, «Шардара» су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі егіншілерді алаңдатып отырғанын жеткізді.

– Егер, «Шардараға» келетін судың көлемі көбеймесе, вегетацияға дейін сол қойманы ғана толтыру мүмкіндігі болады. Ал, «Көксарай» су реттегішіне су мүлдем жиналмайтын қаупі бар. Бұл жағдайда күріш егісінің көлемін қысқартуға мәжбүрміз. Қазір шаруашылықтар егінге әзірлікке кірісті, тұқым, тыңайтқыш дайындау, егін алқаптарын жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні Жаңақорған ауданының 30 мың гектар егістігін кепілді сумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзенінде су тоспасын салу мәселесі өзекті болып отыр. 

Жалпы су тапшылығының алдын алу үшін Жол картада қаралған жобаларды іске асыруға министрлік көмек береді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Ахуал сараптала келе суды үнемді әрі тиімді пайдалану мақсатында «Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы» жобасы әзірленіп, Үкіметке ұсыныс жолданды.

Басқосуда облыс басшысы қашыртқы суды қайта пайдалану үшін «Қазсушар» мекемесіне 67 насос қондырғысын алып беруге қаржы бөлу шұғыл шешілуі тиіс екенін, оған облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай қаржы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. Биыл қазынадан 20 канал тазалау мен елді мекендерге 23 насос қондырғысын алып беру қарастырылған.

Комитет төрағасы ортақ мәселелерді талқылау нәтижесінде биыл вегетациялық кезең қиын жағдайда өтетінін айтып, шаруашылық иелерін суды үнемдеп пайдалануға шақырды.

– Судың тапшы болуының ең бірінші себебі климаттық факторларға байланысты. Болжаммен қарағанда, биыл өткен жылғыдан да судың аздығы байқалады. Бұл үшін арнайы каналдарды тазалау, насостық станцияларды орнату ісіне мән береміз. Күрделі кезеңнен шығу үшін облыста арнайы Жол картасы әзірленіп отыр. Бүгінде арнайы техникалық кеңес өткізіп, вегетациялық кезеңде атқарылатын іс-шаралар талқылауда. Сондықтан, шаруашылықтар қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, егін көлемін бар суға болжамдап, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу керек, – деді Нұрлан Алдамжаров.

Кездесуде Президент тапсырмасына орай су қоймаларын салу мәселесі де сөз болды. Өңірде 775 млн текше метр су жинайтын «Қараөзек» арнасында су қоймасы салынады. Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңге. Республикалық бюджет есебінен жобаның жобалау сметалық құжаттамасы әзірленген. Енді жобаның жобалау сметалық құжаттамасына мемсараптаманың қорытындысы алынған соң, құрылысы басталады.

Облыс әкімі тиісті сала басшыларына суды үнемдеу жолына көшу жұмыстарын шаруашылық иелеріне барынша түсіндіру қажеттігін айтып, нақты істерді уақыт ұттырмай жасауды тапсырды.

Айта кетейік, Су ресурстары комитетінің төрағасы облысқа жұмыс сапарында «Қызылорда» су торабының, Жаңақорған ауданы, Көктөбе ауылының тұсындағы үрмелі су тоспасының  жағдайымен  танысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<