Жыл басынан бері облыстық ТЖД қызметкерлерінің көмегімен су айдындарынан 8 адам құтқарылған. Мамандардың айтуынша, суға түсу кезінде орын алатын қайғылы жағдайлардың басты себебі – қауіпсіздік ережесінің сақталмауы. Осыған сәйкес, тиісті сала мамандарының жұмылдырылуымен облыс аумағындағы су айдындарында жыл басынан бері 2 112 рейдтік жұмыстар жүргізіліп, 71 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржігіт Тұрғанбай мәлімдеді.
– Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде суға шомылу маусымында судағы адамдардың әсіресе балалардың қазасы өзекті мәселе болып отыр. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Мәселен, өзен немесе каналдардың кез келген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсу, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзу білмеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырады. Жалпы, облыс бойынша 18 стационарлық және 8 модульдік бассейн орнатылған. Қосымша жеке кәсіпкерлер тарапынан жазғы демалыс орындарында 11 стационарлық бассейн бар. Сондай-ақ, облыс аумағында жазғы демалыс уақытында 8 балалар лагері жұмыс жасаса, департамент қызметкерлері және лагердің нұсқаушыларымен бірге жүзуді оқыту бойынша тегін сабақтар өткізілді. Өңірде суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақ тіркелген. Суға шомылу маусымы басталғалы бері күн сайын сағат 11:00 мен 22:00 аралығында жауапты сала мамандарымен бірге рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда,- деді Нұржігіт Бердібекұлы
Қызылорда облысының
Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<