Суға түсу маусымы аяқталды

399

0

Суда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар қызметі Сырдария өзені жағалауы, қала және аудан аумағында орналасқан су айдындарында рейд жұмыстарын жүргізді.

Жыл басынан бері облыста орналасқан су айдындарында 28 адам қаза болған. Құтқарушылар 8 адамды құтқарған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бекболат Әбдіқадыров айтты.

– Облыста 4 демалыс орны бар. Тыйым салынған 16, қауіпті деп танылған 47 аумақ анықталғанымен тұрғындар аталған орындарда шомылуын тоқтатар емес. Бұл аумақта 325 ескерту тақтайшасы мен 179 билборд орнатылды, – деді ол.

Ресми мәліметтер бойынша биыл Сырдария өзенінде – 4, каналдарда – 14, «Сыр-Самалы» демалыс орнында 1, үрлемелі бассейнде 2 жазатайым жағдай тіркелді. Осыған орай төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су айдындарында, балық аулайтын орындарда 2245 рейд өткізіп, 122057 адамға судағы қауіпсіздік шараларын түсіндірді.

– Тұрғындарға облыс аумағындағы суға шомылуға тыйым салынған аймақтар туралы тұрақты түрде ескертілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен құтқару бөлімшелерінің құтқарушылары су айдындарында, балық аулайтын орындарда рейд өткізіп, тұрғындарға судағы қауіпсіздікті түсіндіріп, үнпарақтар таратты, – деді азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Тоғызбаев.

Жыл басынан бері «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, облыс көлемінде заңсыз балық аулаған 253 адамға 3 млн 598 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп ҚР ӘҚБ туралы Кодексінің 364-бабы бойынша 30 адамға ескерту шарасы қолданылды. Аталған Кодекстің 412-бабы бойынша 1 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, 15 315 теңге айыппұл салынды.

Сала мамандарының айтуынша облыстық білім басқармасымен бірлесіп мектеп оқушылары мен ата-аналарға судағы қауіпсіздік ережелері туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, қала және аудандарда орналасқан электронды LED экрандар арқылы бейнероликтер көрсетілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<